АҚШ Шығыс Еуропа елдерінің әскеріне қаржылай көмек беруін тоқтатады

Сырым Қаржас
Getty Images

АҚШ Шығыс Еуропада Ресеймен ықтимал қақтығыс аймағында орналасқан елдердің қарулы күштерін оқыту және жабдықтау бағдарламасын қаржыландыруды тоқтатпақ, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

Financial Times басылымының мәліметінше, Пентагон өкілдері бұл ақпаратты өткен аптада еуропалық дипломаттарға жеткізген. Әңгіме қорғаныс министрлігінің 333-бөлімі аясындағы бағдарлама туралы болып отыр. Ол бойынша АҚШ одақтастарын даярлап, қажетті құралдармен қамтамасыз етеді. Бағдарлама Конгресс арқылы қаржыландырылады, алайда Дональд Трамп әкімшілігі қосымша қаражат сұратпаған. Қазіргі бөлінген қаржы 2026 жылғы қыркүйектің соңына дейін ғана жұмсала алады, деп нақтылады DW.

КОНТЕКСТ

2018–2022 жылдары Вашингтон еуропалық әріптестерін қолдауға 1,6 млрд доллар бөлген. Бұл – 333-бөлім бойынша шығындардың шамамен 29%-ы. Қаржының негізгі бөлігі Балтық елдеріне – Эстонияға, Латвияға және Литваға бағытталған. Ақ үй бұл шешімді «сыртқы көмекті қайта қарастыру және қайта бөлу», сондай-ақ «еуропалық мемлекеттердің өз қауіпсіздігіне көбірек қаржы салуын ынталандыру» қажеттілігімен түсіндірді.

РЕАКЦИЯ

FT дерегінше, Пентагондағы кездесуге қатысқан еуропалық өкілдер мұндай қадамға «таң қалған». Басылымға сұқбат бергендердің бірі бұл шешімнің «елеулі алаңдаушылық пен белгісіздік» тудырғанын атап өтті.