Блогер, белсенді Мирболат Мырзатайұлы сот санкциясымен екі айға қамалды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жай
4 қыркүйекте Алматының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты блогер Мирболат Мырзатайұлын екі айға қамауға санкция берді.
Оған қылмыстық кодекстің 174-бабы «алауыздық қоздыру» бойынша айып тағылған.
Адвокат Жанар Балғабаеваның сөзінше, полиция әлеуметтік желіге мониторинг жасау кезінде «ұлтараздықты қоздыру белгілері бар видеоны» анықтаған. Осының негізінде Мирболат Мырзатайұлына айып тағылған. Видеоға филологиялық сараптама жасалған.
Контекст
Мирболат Мырзатайұлының ұсталғаны туралы 2 қыркүйекте белгілі болған. Туыстары мен жақтастары блогердің жоғалып кеткені туралы дабыл қаққан. Кейіннен оны полиция ұстап алып кеткенін анықтаған.
Әйелі Гүлшат Бишуинованың сөзінше, Мирболат Мырзатайұлы сол күні Талғардағы жер мәселесін түсіруге кеткен. Қайтарда жол бойынан оның көлігі ашық-шашық күйінде табылған.
54 жастағы Мирболат Мырзатайұлы әр жылдары мемлекеттік «Қазақстан» арнасында, «КТК» телеарналарында жұмыс істеген. Кейіннен YouTube желісінде «Журналистік зерттеулер агенттігі» арнасын ашып, митинг, сот, пикеттерден ақпарат таратқан. Арнаның 64 мыңнан астам жазылушысы бар.