Алматыда ұсталған белсенді Мамешованың жақтастары полицияның үстінен іс қозғауды талап етті

Есдәулет Қызырбекұлы
ulysmedia коллажы

Алматыда полиция ұстап, 48 сағатқа қамауға алған азаматтық белсенді Айжан Мамешованың жақтастары араша сұрады. Олар белсендіні ұстаудың саяси астары бар және заңға қайшы деп есептейді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

5-ші қыркүйекте Айжан Мамешованың жақтастары Алматыда баспасөз мәслихатын өткізді. Олар белсендінің заңсыз ұсталғанын алға тартып, істің саяси астары барын айтты. Сөздерінше, ұсталған күні Айжан Мамешова баспасөз мәслихатын өткізуге кетіп бара жатқан жолда ұсталған. Белсенді баспасөз мәслихатында білім басқармасы мен N12 мектепке қатысты мәлімдеме жасамақшы болған.

«Айжан Мамешованы ұстап алып кеткен қызметкерлердің үстінен қылмыстық іс қозғасын. Неге десеңіздер, олар өз міндеттерінің шегінен асты. Екіншіден, заң бұзушылық болды. Үшіншіден, Айжанның негізгі айыпталып отырған бабы ҚР қылмыстық кодексінің 274-бабының 2-бөлігінің 3-тармағы, яғни, «әлеуметтік желіде жалған ақпарат тарату» бойынша айыптап отыр. Алдында «қорғануға құқы бар куәгер» статусында болған. Негізі оны айыптап отырған бап қамауды қарастырмайды. Жеңіл бапқа жатады», – деді өзін құқық қорғаушымын деп таныстырған Серік Әбішев.

Оның сөзінше, Айжан Мамешованың үстінен іс сәуір айында қозғалған. Оған Мамешованың өзге белсенділермен бірге «Жанұя» балалар үйіндегі заңсыздықтар туралы жазған жазбасы себеп болған.

Полиция «Балалар мен мемлекеттік органдарға зиян келтіретін ақпарат тарату» бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған.

Іс тергеу сотына жіберілді

Іспен танысқан адвокат Ғалым Нұрпейісовтің «белсендінің үстінен жиналған құжаттарға қарап, қылмыстық іс емес, ұзап кетсе азаматтық іс қозғауға болады» дейді. Оның сөзінше, істе мемлекеттік органның беделіне нұсқан келтіру деректері көрсетілген.

«Санкция бойынша тергеу сотына жіберді таңертең. Тергеуші қамауды талап етіп отыр. Бірақ қамауға ешқандай негіз жоқ. Біз бұл жөнінде сотта айтамыз», – деді адвокат Ғалым Нұрпейісов Ulysmedia тілшісіне.

Контекст

Айжан Мамешованы полиция 4 қыркүйекте ұстаған. Оның ұсталғаны туралы әлеуметтік желіде тараған видеодан кейін белгілі болған. Видеода белсендіні азаматтық киімдегі екі адамның күштеп көлікке отырғызғаны көрінеді.