Қазақстан мен Украина СІМ басшылары телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Украина тарапының бастамасымен Қазақстан Республикасы премьер-министрінің орынбасары – сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Украина сыртқы істер министрі Андрей Сибигамен телефон арқылы сөйлесті.
– Сұхбат барысында тараптар екіжақты және көпжақты форматтардағы ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен даму перспективаларын талқылап, өзара қызығушылық тудыратын түрлі салаларда оны одан әрі нығайтуға ортақ мүдделілік білдірді, – деп хабарлады Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.
Мұрат Нұртілеу өңірдегі тұрақтылықты нығайтуға ықпал ететін халықаралық құқық қағидаттарына негізделген берік бейбітшілікке қол жеткізу жолындағы дипломатиялық күш-жігерді жалғастырудың маңызын атап өтті.
БҰҒАН ДЕЙІН
Бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдарында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің ұсталды деген ақпарат тараған еді. Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров бұл ақпараттың таралуын журналистік этика мен елдегі қолданыстағы заңнаманың бұзылуы деп бағалады.
Кейінірек мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Нұртілеудің ұсталғаны туралы ақпаратты жоққа шығарды.