Қырғызстан ҰҚК басшысы қол астындағы қызметкердің телефонын лақтырып жіберді

Сырым Қаржас
Видеодан алынған кадр

Қырғызстан министрлер кабинеті төрағасының орынбасары, ҰҚК төрағасы Қамчыбек Тәшиев Кочкор ауданындағы жұмыс сапары кезінде қол астындағы қызметкерге қатты шүйлікті,  деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

Оқиға жергілікті аурухананы аралаған кезде болған. Тәшиев мекеме басшылығымен бірге ғимараттарды қарап, қайсысы бұзылуы, ал қай жерге жаңа корпус салынуға тиіс екенін айтып шықты. Сондай-ақ құрылыстың басталу және аяқталу мерзімін нақтылады.

Осы кезде аудандық ҰҚК бөлімінің бастығы телефонға қарап кеткен. Бұған ашуланған Тәшиев оған ескерту жасап, құрылғыны қолынан жұлып алып, лақтырып жіберді.

ДӘЙЕКСӨЗ

– «Менің не айтып тұрғанымды тыңдадың ба? Телефонға үңіліп отырсың. Маған телефоныңды бер! Менің қасымда телефонға қарама. Сендердің орныңа мен жұмыс істеуім керек пе? Құрылыс дереу басталсын. Жақсы мердігер табыңдар, жұмыс уақытында аяқталсын. Кейін «бітірмедік» немесе «үлгермедік» деп ақталмаңдар. Барлығын өзің қадағалайсың», – деді ол Кочкор аудандық ҰҚК бастығына.

АНЫҚТАМА

Қамчыбек Тәшиев — қырғыз мемлекеттік қайраткері. 2020 жылдың қазан айынан бері Қырғызстан ҰҚК-ін басқарады және министрлер кабинеті төрағасының орынбасары қызметін атқарады. Бұған дейін Жогорку Кенеш депутаты, Төтенше жағдайлар министрі болған, сондай-ақ «Ата-Журт» партиясын басқарған.