Талғарда тағы да қылмыс: ер адамды атып өлтіріп, екі жастағы қызды ұрлап кетті

Сырым Қаржас

Алматы облысының Талғар қаласында белгісіз адам ер азаматты атып өлтіріп, кішкентай қызды алып кеткен, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

Полиция мәліметінше, ер адамды өлтіру және бала ұрлау фактілері бойынша қылмыстық істер қозғалды.

Тергеудің алдын ала нұсқасы бойынша, күдікті қыздың анасымен бұрын жақын қарым-қатынаста болған. Араларында жанжал туындап, ер адам жәбірленушінің ағасына мылтықтан оқ атқан. Оқ тиген ер адам жарақатынан оқиға орнында қаза тапқан.

ДӘЙЕКСӨЗ

– Қылмыс жасағаннан кейін күдікті кәмелетке толмаған баланы ұрлап, ізін жасырған. Оның жеке басы мен жүрген жері анықталды, – делінген департамент хабарламасында.

Кейінірек полицияның арнайы жасағы кәмелет жасқа толмаған баланы құтқару операциясын сәтті жүргізгенін хабарлады.

Құқық қорғау органдары күдікті көп ұзамай қолға түсіп, одан атыс қаруы тәркіленгенін мәлімдеді.

Сондай-ақ құтқарылған қыз анасына тапсырылды. Дәрігерлер ұрланған баланың денсаулығын тексеріп жатыр.