Инфляция 12%-дан асты: Қазақстанда қандай тауарлар қымбаттады

Сырым Қаржас
Ulysmedia коллажы

Қазақстан үкіметінде бағаның өсуі және оны тежеу шаралары талқыланды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

7 қыркүйек күні вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен инфляция факторларын талдау және жедел шараларды әзірлеу бойынша жиын өтті. Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмриннің айтуынша, тамызда жылдық инфляция 12,2%-ға дейін жеделдеді (шілдеде – 11,8%).

ҚАЙДА ЖӘНЕ НЕ ҚЫМБАТТАДЫ?

Ең жоғары баға өсімі Қарағанды облысында тіркелді – 14,4%. Одан кейін Ұлытау облысында – 13,6%, Ақмола облысында – 13%. Сондай-ақ, көшбасшылар қатарында Атырау (12,8%), Солтүстік Қазақстан (12,6%), Ақтөбе (12,5%) және Батыс Қазақстан (12,4%) облыстары бар.

Ірі қалалар ішінде инфляция Астанада – 12,8%, Алматыда – 12,7% болды.

Әмриннің сөзінше, инфляцияға ең үлкен әсер ақылы қызметтер бағасының өсуінен болды:

  • коммуналдық қызметтер – 2,9%;
  • көлік қызметтері – 1,7%;
  • денсаулық сақтау қызметтері – 0,9% қымбаттады.

Ал азық-түліктік емес тауарлар орташа есеппен 1% өсті. Сонымен қатар кейбір санаттарда бағаның төмендеуі байқалды:

  • тоңазытқыштар мен мұздатқыштар – 1,5%;
  •  газ плиталары – 6,3%;
  • шыны бұйымдары мен асхана құралдары – 0,1% арзандады.

Еске салайық, бұған дейін тамыз айында Қазақстанда ет пен құс еті шілдемен салыстырғанда 3,2% қымбаттағаны хабарланған еді. Бұл – 2011 жылдың қарашасынан бергі ең жоғары өсім.