Түркістан облысында сот әнші Азода Турсунмурадованы тойда өнер көрсетіп жатқан сәтінде соққыға жыққан бұрынғы қайын атасын үй қамаққа жіберді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынған. Алайда сот тергеу аяқталғанға дейін бұлтартпау шарасы ретінде үй қамақты таңдады.
Іс ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабы, 1-бөлігі («Бұзақылық») бойынша тергеліп жатыр. Полиция күдіктіден ресми түрде қауіп-қатер тіркелмегенін, бірақ барлық уәж тергеу барысында тексерілетінін атап өтті.
ОҚИҒА ТУРАЛЫ
Оқиға 31 тамызда Төлеби ауданындағы «Загамбар» мейрамханасында болған. Ән орындап тұрған 27 жастағы Азода Турсунмурадованы бұрынғы күйеуінің әкесі бірнеше рет ұрған. Әншінің айтуынша, ол кезде ер адам қатты мас болған.
Турсунмурадованың сөзіне қарағанда, шабуыл кезінде оның әріптестері де зардап шеккен: қайын атасы әншінің жүргізушісін соққыға жықса, ал әкімшісін тойда жүрген басқа ер адам ұрған. Сондай-ақ әнші арыз бергеннен кейін оған бұрынғы күйеуінен қоқан-лоққы түсе бастағанын айтты.
Оның сөзінше, бұрынғы қайын атасы әлі күнге дейін кешірім сұрамаған әрі кінәсін мойындамай отыр.