Армения мен Әзербайжан 30 жылдан соң өзара әуе қатынасын жандандырды

Сырым Қаржас
@presidentaz

Армения мен Әзербайжан шамамен 30 жылдық қақтығыстан соң бір-бірінің әуе кеңістігін қайта пайдалана бастады. 31 тамызға қараған түні Армения премьер-министрі Никол Пашинян Әзербайжан аумағы арқылы алғаш рет ұшты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Армения премьерінің баспасөз хатшысы Назели Багдасарянның мәліметінше, Ереван билігі Вашингтонда бейбітшілік декларациясына қол қойылғаннан кейін Бакуге әуе дәлізін ашу жөнінде ресми өтініш жасаған. Оның айтуынша, Әзербайжанның бұл шешімі өңірдегі коммуникацияны қайта жандандыруға және сенім ахуалын қалыптастыруға бағытталған нақты қадам болды.

Армениялық әуе компаниялары Әзербайжан әуе кеңістігін бір апта бұрын пайдалана бастаған. Ал «Әзербайжан әуе жолдары» енді Армения үстімен ұша бастады. Бұған дейін де Әзербайжанның негізгі аумағынан Нахичеваньға ұшақтар армян жері арқылы өтетін.

БҰҒАН ДЕЙІН

Айта кетейік, 8 тамызда Вашингтонда Армения премьері Никол Пашинян мен Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев бейбіт қатынастар жөніндегі бірлескен декларацияға қол қойған еді. Сондай-ақ құжатта АҚШ пен одақтастарының қатысуымен халықаралық бейбітшілік пен өркендеу жолына арналған транзиттік TRIPP («Trump Route for International Peace and Prosperity») жобасын ұйымдастыру көзделді. Бұл жолды басқару құқығын Армения АҚШ-қа 99 жылға береді.

Армения мен Әзербайжан 30 жылдан астам уақыт Таулы Қарабақ үшін қақтығысып келді. Әскер қимылдары нәтижесінде Әзербайжан аймақты толық бақылауына алды, ал қарабақтық армяндар өңірден кетуге мәжбүр болды. 2024 жылы соңғы ресейлік бітімгерлер де шықты. 2025 жылдың көктемінде екі тарап бейбіт келісімге қол қоюға ниетті екенін мәлімдеді.