Жасанды интеллект ядролық қарумен бірдей - сарапшы

Сырым Қаржас
Ашық дереккөзден

АҚШ-тағы жасөспірімнің қаза табуына байланысты ЖИ чат-боттарын пайдаланудың психикаға күтпеген салдары болашақта жасанды интеллекттен төнуі мүмкін әлдеқайда күрделі қауіпке нұсқауы мүмкін. Мұндай пікірді ЖИ қауіпсіздігі жөніндегі сарапшы Нейт Соарес білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Ол 17 жастағы америкалық Адам Рейннің қайғылы оқиғасын еске салды. Жасөспірім бірнеше ай бойы ChatGPT-пен сөйлескеннен кейін өз-өзіне қол жұмсаған. Соарестің айтуынша, бұл технологияларды бақылаудың түбегейлі мәселесін айқын көрсетеді.

– ЖИ жасөспірімдермен сөйлескенде олардың суицидке баруына ықпал етсе – бұл әзірлеушілер қалаған мінез-құлық емес, – деді сарапшы.

АДАМЗАТТЫҢ ЖОЙЫЛУ ҚАУПІ

Google мен Microsoft-тың бұрынғы инженері, қазіргі АҚШ-тағы Машиналық интеллектті зерттеу институтының басшысы Соарес супер-интеллектуалды жасанды интеллекттің пайда болуы адамзаттың жойылуына әкелуі мүмкін екенін айтты. Оның сөзінше, компаниялар «пайдалы» ЖИ құруға ұмтылғанымен, шын мәнінде жүйелер мүлде басқаша әрекет етуі ықтимал.

Соарес халықаралық қауымдастықты ядролық қаруды таратпау жөніндегі келісімдерге ұқсас супер-интеллектті әзірлеуге тыйым салу туралы келісімге келуге шақырды.

OPENAI-ҒА ҚАРСЫ СОТ 

Осы уақытта Адам Рейннің отбасы OpenAI компаниясына қарсы сотқа жүгінді. Олар ChatGPT жасөспірімді «айлар бойы суицидке итермелегенін» мәлімдеді. Компания қайғыра көңіл айтып, кәмелетке толмағандарды қорғауды күшейтуге уәде берді. Атап айтқанда, «сезімтал және қауіпті контентке» қолжетімділікті шектеу көзделіп отыр.

Айта кетейік, Австралия билігі желтоқсан айынан бастап 16 жасқа толмаған жасөспірімдерге әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салуды енгізбек. Олар қолданушылардың жасын тексерудің түрлі жолдарын қарастыруда: жасанды интеллект арқылы тексеру, жеке куәлікті растау және ата-ананың келісімі.