Қазақстанда 1400-ден астам ауыл жойылып кеткен

Сырым Қаржас
ЖИ / ulysmedia.kz

Мәжіліс депутаты Серік Егізбаев еліміздегі ауыл халқы санының азаюына алаңдаушылық білдіріп, үкіметке арнайы депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ауыл халқы азайып барады

Депутаттың айтуынша, бүгінде Қазақстанның 15 өңірінде ауыл тұрғындарының саны айтарлықтай қысқаруда. Ең жоғарғы көрсеткіштер Абай облысында – 3,2%, Солтүстік Қазақстан облысында – 3% және Қарағанды облысында – 2,9%-ды құрап отыр.

2024 жылдың алғашқы жартысында 383 мың қазақстандық қоныс аударған, олардың басым бөлігі Астана мен Алматыға кеткен. Соңғы 20 жылда 1400-ден астам ауыл жойылып кетті. Үкіметтің бағалауынша, тағы 500 елді мекен «перспективасы жоқ» ауылдар қатарына енгізілген.

– Бұл тек сандар ғана емес, адамдардың тағдыры. Жабылған мектептер мен медициналық пункттер, иесіз ауылдарда қалған қариялар, болашағын ауылдан емес, қалада іздеуге мәжбүр жастар – бәрі осының салдары, – деді Егізбаев.

Негізгі себептер

Депутат ауылдағы жағдайдың нашарлауына бірнеше факторды атады:

  • заманауи тұрғын үйлердің жоқтығы;

  • инфрақұрылымның әлсіздігі;

  • жұмыс орындарының жетіспеушілігі;

  • әлеуметтік қолдаудың мардымсыздығы.

Жастардың ауылға бет бұрмауының басты себебі де осында.

Шетел тәжірибесі

Егізбаев басқа елдердің тәжірибесіне тоқталды.

  • Ресейде 2020 жылдан бері «Ауыл ипотекасы» бағдарламасы жұмыс істеп, 3%-ға дейінгі мөлшерлемемен 25 жылға несие беріледі. Соның арқасында 100 мыңнан астам отбасы ауылдан баспанаға ие болған.

  • Әзербайжанда ауылдық жерлерде 4%-дық кредитпен үйлер салынып берілуде.

Қазақстанда «Асыл мекен» ауыл ипотекасы іске қосылғанымен, ол басталмай жатып тоқтап қалған. Оның үстіне көптеген ауылдарда сатып алатын жаңа тұрғын үйдің өзі жоқ.

Ұсыныстар

«Ауыл» партиясы фракциясы ауылды жаңғыртуға арналған ұлттық бағдарлама қабылдауды ұсынды. Ол келесі шараларды қамтуы тиіс:

  • мемлекеттік бағдарламалар мен мемлекеттік-жекешелік әріптестік арқылы ауыл тұрғындарына қолжетімді тұрғын үй салуды жеделдету;

  • ауыл ипотекасын 1%-дық мөлшерлемемен іске қосу;

  • әлеуметтік және коммуналдық инфрақұрылымды дамытуға жаңа серпін беру;

  • «Дипломмен – ауылға» бағдарламасын жаңа қолдау тетіктерімен толықтыру.

Сонымен қатар, ауыл экономикасын дамыту үшін фермерлік шаруашылықтарға, кооперацияға, қайта өңдеуге қолдау көрсету қажет. Елдегі 1,5 млн-нан астам жеке қосалқы шаруашылық ауыл шаруашылығы өнімінің 70%-дан астамын өндіреді. Оларды да экономикалық айналымға тарту керек.

Фермерлердің ұсыныстары

Депутаттың айтуынша, ауыл кәсіпкерлерімен кездесулер барысында фермерлер мынадай ұсыныстарды жеткізген:

  • мамандандырылған Агробанк құру;

  • маусымдық ауыл шаруашылығы жұмыстарына шетелдік жұмыс күшін тартуды жеңілдету (квоталарды ұлғайтып, өтінімдерді қарау мерзімін 2 айдан 10 жұмыс күніне қысқарту);

  • мемлекеттік бажды жеке тұлғалар үшін қолданылатын деңгейге дейін төмендету.