Қазақстандағы ең төменгі жалақы: сандар мен саясаттың қайшылығы

Динара Жарқынбек
Ulysmedia

Мәжілісте Халықаралық еңбек ұйымының 131-конвенциясын ратификациялау қаралды. Бұл құжат дамушы елдер үшін ең төменгі жалақыны белгілеудің бірыңғай қағидаттарын бекітеді.

ХЕҰ конвенциясы: жаңа талаптар

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпованың айтуынша, Қазақстан 1993 жылдан бері ХЕҰ-ның мүшесі болып, оның 28 конвенциясын қабылдаған. Ал 131-конвенция ең төменгі жалақыны анықтауда экономикалық факторларды ғана емес, қызметкерлердің негізгі қажеттіліктерін де есепке алуды міндеттейді.

Конвенция келесі жалпы қағидаттарды белгілейді: ең төменгі жалақы жүйесін енгізу, ең төменгі жалақыны белгілеу және қайта қарау кезінде әлеуметтік әріптестік тараптарының қатысуы, ең төменгі жалақыны анықтау кезінде экономикалық факторлар мен қызметкерлердің қажеттіліктерін есепке алу, еңбекақы төлеу саласындағы кемсітушілікке тыйым салу, – деді Светлана Жақыпова.

Уәде етілген өсім жоқ

Көктемде Үкімет ең төменгі жалақыны көтереміз деген. Өспейтін болды. 2026–2028 жылдарға арналған бюджет бұрынғы жалақы деңгейімен қалды. 

Елімізде 780 мың азаматтың айлығы 85 мың теңгеден ары аспайды, ал 329 мың адам одан да төмен жалақымен күнелтіп жүр. Министрдің сөзіне қарағанда, мұндай жағдай көбіне ауыл шаруашылығында еңбек ететіндерге тән. Бірақ ірі кәсіпорындардың салықтан жалтару үшін «85 мың теңге төлеп, қалғанын конвертпен беру» әрекеті әдетке айналған. 

Бұның ішінде бірнеше санат бар. Біріншіден, талдау жүргізгенде ірі кәсіпорындардың салықтан жалтару үшін, атаулы жарналардың төлемдерін азайту үшін 85 мыңды төлеп, басқасын конвертпен беретін. Негізі төлемдер ауыл шаруашылығында жұмыс істейтін азаматтардың ең төменгі жалақыны алып отырғаны мәлім, – деді ведомство басшысы.

Қазына бос па, әлде ниет жоқ па?

Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов «қаржы жоқ деген сылтау»деп министрлікті сөкті. Айтуынша, мәжілісмен халықаралық конвенцияның есептеу әдісімен танысып шыққан. Сол әдістемеге сүйеніп есептелсе,  ал 158 мың теңге болуы тиіс екенін алға тартты.

Біраз бізге жеткен ақпарат бойынша қазір осы бес әдістеме түрінде біреуіне өсіруге Қаржы министрлігі қаржы жоқ деп жауап беріп отыр дейді. (...) Қаржы жоқ деген жалған сылтау деп ойлаймын, себебі бізде керек емес жаққа да жұмсалып жатқан қаржы бар. Оның бәрін айтып, дау көтермей-ақ қояйын, – деді Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов.

Төменгі жалақының реттелуін сұраған депутатқа Светлана Жақыпова «бұл туралы айтуға ерте»,- деп қысқа қайырды. 

Негізі есептеулер жүргізілді. Қаржы министрлігі бізге өз ұсыныстарын берді. Ең төменгі жалақы өскеннен кейін, разрядаралық коэффициент те өседі. Онымен бюджетке төленетін төлемдердің де қаржысы бөлек есептеледі. Соның бәрін қосқанда қосымша төлемдер 47-48 млрд-қа шығып тұр. Қазіргі уақытта айтуға ерте. Бұл трибунадан мен сізге ертең болады деп уәде бере алмаймын,– деп жауап берді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова.

Депутаттың «жалқауларға» айтқаны

Жақында «20 млн тг жалақы алуым қажет» деген депутат Бақытжан Базарбай халыққа қалай күнелту керектігін айтты. Ол төмен жалақы алатындарға жалқаулыққа салынбай, еңбек биржасынан жұмыс іздеуге кеңес берді.

Үкіметті айыптап «Үкімет кінәлі, біздің айлығымызды төмендетіп жатыр,көтеріңдер айлықты» деген сөздерді айту оңай. Бұл жағдайға бірден келмеді. 20-30 жыл бойы жоспарсыз, бюджетті оңды-солды пайдаланудың салдары деп есептеймін. Соның кебін киіп отырмыз. Бұны әп сәтте өзгерте алмаймыз. Еңбек ету керек.Жалқау болмау керекпіз. Азанмен тұрып, еңбек биржасына барып, жұмыстың жарнамалары бар ғой. Соны қарасын. Қолдарынан келеді,-деді. 

Алайда ресми дерек көрсеткендей, жұмыссыздық деңгейі жоғары болмағанымен, жалақысы төмен, бейресми секторда еңбек ететіндердің үлесі орасан. Демек, мәселе жеке жалқаулықта емес, жүйелік теңсіздікке сайып келеді. 

Әлеуметтік көмек пен несиенің айқасы

Қараша қалтасын жеткере алмай жүргенде, шенеуніктер атаулы әлеуметтік көмекті қиып тастауы мүмкін.

Министр Жақыпова үлкен көлемде несие алған отбасыларға АӘК берілмеуі мүмкін екенін айтты. Себебі несие сомасы есепке алынғанда олардың табысы «кедейлік шегінен» асып кетеді. 

Егер отбасы депозит ашып, алғашқы жарнаға ақша жинаса, мемлекет мұны құптайды. Ал несиелерге қатысты айтылған құжат – тек консультативтік, нормативтік акт емес. Мысалы, үш адамнан тұратын отбасы үш миллион теңге несие алса, ай сайын әрқайсысына шамамен 300 мың теңгеден келеді. Бұл кедейлік шегінен жоғары, сондықтан олар АӘК алмайды. Мен мұны әділ деп санаймын, – деді министр.

Бірақ бұл бастама бірқатар заңдық және әлеуметтік қайшылықтарға жол ашады. Мәжіліс депутаты Қожаназаров министрліктің бұл бастамасынан хабарсыз екен. Бұл қаралымдағы норманың «Конституцияға қайшы» екенін алға тартып, жүзеге асуына жол бермейтінін ескертті.

Бұл құжат бізге әлі түскен жоқ. Егер келсе, ондайға жол бермейміз. Өйткені ол Конституцияға қайшы. Барлық азамат заң алдында тең. Қарызы бар, не қарызы жоқ – бәрінің құқығы бірдей болуы керек. Барлық азамат заң алдында тең, – деп атап өтті. 

Контекст

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауында әлеуметтік саясатқа атысты пікір білдірді. Оның айтуынша, мемлекет өз міндеттерінен бас тартпайды, алайда орынсыз көбейген әлеуметтік жеңілдіктер мектептер, ауруханалар мен инфрақұрылым құрылысына кедергі келтіруде. Сондықтан әлеуметтік төлемдер жүйесін қайта қарауды тапсырды.