30 шілдеде Алматы қаласының Бостандық аудандық соты Санжар Боқаевтың блогер Антон Бударовқа қарсы талап-арызы бойынша шешім шығарды. Бүгін шешім заңды күшіне енді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Сот Бударовтың 2024 жылдың 6 қыркүйегінде YouTube арнасында жариялаған бейнеролигінде таратылған мәліметтер шындыққа сәйкес келмейді және Санжар Боқаевтың ар-намысы мен іскерлік беделін қорлайды деп шешім шығарды.
СОТ НЕНІ МІНДЕТТЕДІ
Сот Антон Бударовты:
«Антон Бударов» арнасындағы видеоны өшіруге;
«Сот мені Боқаев Санжар Омарұлына қатысты шындыққа жанаспайтын мәліметтерді жоққа шығаруға міндеттеді» деген атаумен 20 минуттық ресми видео жариялауға;
Санжар Бокаевқа 500 000 теңге көлемінде моральдық зиянды өтеуге және сот шығындарын төлеуге міндеттеді.
Осылайша, іске нүкте қойылды: Бударовтың жалған айыптаулары мен манипуляциялары сот арқылы ресми түрде жоққа шығарылды.
- Нәтиже біреу — Антон Бударовқа сенуге болмайды. Оның сөздері сот шешімі бойынша жала деп танылды, ал Санжар Боқаевтың аты мен беделі заңмен қорғалды, – дейді адвокат Мұрат Адам.
Адвокаттың айтуынша, ендігі негізгі кезең – сот шешімін орындау.
- Бұл Антошаға мүлде ұнамайды, – деп түйіндеді Мұрат Адам.