Үкімет ұлттық қордан тағы да қаржы алмақ. Қордан шамамен 1 млрд теңгені жасанды интеллект мектептерін ашуға бөлу жоспарланып отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Бұл туралы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің бірінші вице-министрі Қаныш Төлеушин айтты.
- Бұл көп ақша емес. Тек алдағы бағдарламаны айтар болсақ, миллиард теңгеден аспайды. Осы қаражатты бөлетін боламыз, дейді Төлеушин.
Оның сөзінше, жасанды интеллект саласында белгілі бір мақсатқа жету үшін бірнеше шара қолданылады.
- Біріншіден, мектепте оқитын жас мамандарға арнайы “Тумо” деген мектепті ашатын боламыз. Ол мектеп қараша айында ашылады. Бұл жекеменшік инвестиция. Армениядағы әріптестерімізбен бірлесіп, мектепті ұсынатын боламыз, дейді вице-министр.
Екіншіден, университетте оқитын студенттерге мектеп ашылады.
- Ол да жекеменшік инвестиция. Франциядағы әріптестерімізбен бірлесіп ашамыз. Осы жобалардан бөлек, тағы бір бағдарлама бар. Осы бағдарламада біз мемлекеттен қосымша қаражат алатын боламыз. Бағдарлама аясында арнайы ваучерлер таратылады. Бағдарлама ьірнеше жыл жұмыс істеп отыр. Осы бағдарлама шеңберінде жасанды интеллект пәндеріне көп назар аударамыз. Салыстырмалы түрде: бұрын ваучерлердің 100 пайызы IT саласына берілсе, енді 50 пайызы жасанды интеллектпен байланысты пәндерге бөлінеді. Бұл өте тиімді бағдарлама. Себебі осы бағдарлама аясында жеке IT мектептер көбеюде. Бұрын он шақты мектеп болса, қазір жүзден асады. Біздің ойымызша бұл бағдарламаны ары қарай қолдауымыз керек, дейді Төлеушин.
БҰҒАН ДЕЙІН
Еске салайық, бұған дейін президент Тоқаев жолдауында үш жылдың ішінде Қазақстан толыққанды цифрлық ел болуы керегін айтқан болатын.