Экономист Ресей Қазақстан нарығын қай жағдайда «жұтып қоятынын» түсіндірді

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Рубльдің күрт әлсіреуі Қазақстанға да «соққы» береді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Экономист Магбат Спановтың пікірінше, рубльдің жағдайы Ресейдің ішкі мәселесі емес, деп жазады Digital Business. Қазір валюта мөлшерлеменің төмендеуі, түсімнің міндетті сатылымының тоқтатылуы және салықтық кезеңнің аяқталуы аясында әлсіреп отыр. Бұл үрдіс сақталып, Ресейде девальвация болса, ол Қазақстанға да тікелей әсер етеді деп есептейді сарапшы.

- Егер Ресейде шынайы девальвация болса, қазақстандық өндірушілер ресейлік тауарлармен бәсекеге қабілетін лезде жоғалтады. Бұл азық-түлікке де, өнеркәсіптік тауарларға да қатысты. Қарапайым тілмен айтқанда: ресейлік рубль біздің нарықты «жұтып» жібере бастайды. Шын мәнінде, қазірдің өзінде Қазақстанда рубль соншалықты сұранысқа ие емес (әзірге). Естеріңізде болса, екі жыл бұрын 1 к 5 деген қатынас сақталатын. Ал қазір ол жоқ. Жақында ғана, мысалы, теңге девальвацияға ұшырағанда, ресейліктер Қазақстанға жаппай келіп, тауар сатып алған еді. Егер керісінше — Ресейде девальвация болса — бұл жолы қазақстандықтар (паритет қалпына келгенге дейін) көршілеріне ағылып, тауар алатын болады. Мұндай жағдай әбден мүмкін, – дейді экономист.

КОНТЕКСТ

Бұған дейін ресейлік трейдер Степан Демура рубльдің мықты болып қалуына ешқандай фундаменталды себеп жоқ екенін мәлімдеген. Ол рубльдің долларға шаққандағы бағамы 250-ге дейін құлдырайды деп болжап отыр.