Мәсімовке тиесілі алтын монета аукционға қойылды

Сырым Қаржас
Ашық дереккөзден

Электрондық сауда алаңында құны 200 долларлық «Elizabeth II» инвестициялық монетасы саудаға шығарылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

АУКЦИОН

2018 жылы шығарылған алтын монета ҰҚК бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовке тиесілі болған. Аукцион 16 қыркүйекте өтеді, бастапқы бағасы – 3,2 млн теңге. Сауда бағаны көтеру әдісімен жүргізіледі.

Қайтарылған активтерді басқару компаниясы монетамен қатар бірнеше өзге нумизматикалық бұйымдар мен сувенирлік суық қаруды да лотқа шығарды. Бұған дейін Мәсімовтен тәркіленген мүліктердің сатылымы жалғасып жатқаны хабарланған болатын.

КОНТЕКСТ

2023 жылдың сәуірінде сот Мәсімов пен оның орынбасарларына үкім шығарды. Экс-төраға мемлекетке опасыздық жасау, билікті басып алуға шақыру және қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану баптары бойынша кінәлі деп танылды. Сот үкімімен ол 18 жылға бас бостандығынан айырылып, мүлкі тәркіленді. Сондай-ақ оған мемлекеттік қызметте өмір бойына жұмыс істеуге тыйым салынды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұрынғы ҰҚК басшысының кешірім жасау туралы өтінішін қанағаттандырмаған еді. Ал 2025 жылдың ақпан айында Ulysmedia.kz редакциясына белгілі болғандай, Мәсімов денсаулығына байланысты шартты түрде мерзімінен бұрын босатуды үш рет сұраған.