Атырауда аәйел адам ойыншық үшін дауласып қалған үш жасар қыздың үстінен полицияға шағымданған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Шағымға себеп – балалардың ойыншық үшін ренжісіп қалуы. Оқиға жайлы Threads әлеуметтік желісінде кішкентай қыздың анасы баяндады.
Оның айтуынша, дәмханада қызы ойыншық шаңсорғышты алып ойнай бастағанда, үлкенірек қыз оны тартып алуға тырысқан. Сол сәтте екінші қыздың анасы: «Қызыңызға әдепті болуды үйретіңіз» деп айқайлаған.
– Кейін балалар 10 минуттан соң татуласып, бірге ойнай бастады. Бірақ әлгі әйел бәрібір баламның үстінен арыз жазды. Тіпті үш жасар қызымнан өзінің бес жасар қызының алдында кешірім сұрауын талап етті, – деді анасы.
ПОЛИЦИЯ НЕ ДЕЙДІ
Бұл дерекке қатысты Атырау облысы полиция департаменті пікір білдірді.
Аталған дерек бойынша тексеру жүргізіліп, баланың ата-анасымен профилактикалық әңгіме өткізілген.
- Оларға үш жасқа толмаған балаға қатысты арыз қабылданбайтыны түсіндірілді. Осыған байланысты азаматшаның жазған арызы заңнама талаптарына сәйкес қараусыз қалдырылды, – делінген жауапта.