Назаров өзекті мәселе көтерудің орнына неге шешесін құттықтағанын түсіндірді

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Мәжіліс депутаты Ардақ Назаров қоғамда қызу талқыланған өзінің мінберден анасын туған күнімен құттықтауына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«Мәселе – парламент төрінде құттықтағанымда емес»

– Анасын туған күнімен құттықтады деп даурығып жатқан жандарға жол болсын. Кеше ғана әкесін қан-жоса етіп тепкілеп, боқтаған видеоны баршаңыз көрдіңіздер. Бұл – қабырғамызды қақыратып, жүрегімізді сыздатты. Оны көрген жас ұрпақ ертең оны қайталамасына кім кепіл? Ең ауыры бұл бейнежазбаға түскен бір ғана оқиға. Шын мәнінде, ұрпағым үшін деп ғұмыр кешкен қаншама әкелер жетесіз ұлдарының қолынан қаза тапқанын естіп те жүрміз, дейді депутат. 

Осылайша ол анаға деген құрметін көрсеткісі келгенін айтады. 

- Мәселе – Парламент төрінде құттықтағанымда емес. Мәселе – қайда жүрсең де, қандай қызмет атқарсаң да, мейлі кім болсаң да ата-анаңды құрметтеуді ұмытпауда, – деді Назаров.

«Нағыз қасірет – жетімдер үйіндегі балалардың көбеюі»

Депутат елде әлдеқайда маңызды тақырыптардың барын атап өтті.

– Біз үшін елімізде талқылайтын, бұдан да маңызды мәселелер бар. Тоқтаусыз ажырасулар, қыздардың қорлануы, тастанды сәбилер, ұрлық, алаяқтық, есірткі, арақ, зинақорлық, кісі өлімі және жетімдер үйінің қаракөздерге толуы, – деді ол.

Ардақ Назаров балалар үйіндегі жағдайға жеке тоқталды.

– Мен 2004 жылдан бері балалар үйінің бір мүшесімін, көмектесемін, сонымен қатар тәрбиесіне атсалысып келемін. Бұдан аз уақыт бұрын балалардың саны 52-ге азайғанда қуанып едік. Соңғы екі жылда 158 балаға өсіп кетті. Бұл бір ғана балалар үйінен мысал. Көбісі қаракөздер, ата-аналары бар, бірақ арақ пен есірткіге салынып кеткен. Міне, нағыз қасірет – осылар, – деді депутат.

НАЗАРОВ

Еске салайық, күні кеше депутат Ардақ Назаров мәжіліс отырысында депутаттық сауал жолдарының алдында шешесін туған күнімен құттықтаған болатын. Ары қарай премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаевқа депутаттық сауалын жолдап, Қазақстан әскеріне қатысты ұсыныс айтып, бірнеше сұрақ қойды.

Қазнет қолданушылары депутаттың бұл әрекетін түсінбей, қызу талқылады. Олар депутат мәжілісті өзекті мәселе көтеріп, проблемалар туралы айтудың орнына туған күнмен құттықтауға арналған “алаң” ретінде қолданғанына наразы болған.