Зумерлер революциясы: Непал үкіметін тұңғыш рет әйел басқарады

Сырым Қаржас
Reuters

Непалдың жоғарғы сотының бұрынғы төрайымы Сушила Карки жаппай наразылықтардан кейін үкімет отставкаға кеткен соң уақытша премьер-министр болып тағайындалды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz BBC-ге сілтеме жасап.

МӘН-ЖАЙ

73 жастағы Карки қысқа рәсімде ант беріп, Непал тарихында премьер-министр болған алғашқы әйел атанды.Ол «Z ұрпағы» студенттік қозғалысының қолдауына ие болып, адал әрі таза беделді саясаткер ретінде аталып жүр. Сол күні парламент таратылды. Президент Рам Чандра Паудел жаңа сайлау 2026 жылғы 5 наурызда өтетінін мәлімдеді. Алдағы күндері Карки уақытша министрлер кабинетінің құрамын жасақтауға тиіс.

АНЫҚТАМА

Непалдағы жаппай наразылықтар қыркүйекте басталды. Себеп – биліктің бірқатар әлеуметтік желі мен мессенджер жұмысын тоқтатуға енгізген тыйымы. Бұл шешім үкіметтің жемқорлығына наразы жастар мен студенттік ұйымдар үшін соңғы тамшы болды.

Полициямен қақтығыстар кезінде 50-ден астам адам қаза тауып, мыңнан астамы жарақат алды. Акциялар тез арада жемқор элитаға қарсы бүкілұлттық қозғалысқа ұласты. Шиеленістің шарықтау сәтінде парламент пен мемлекеттік ғимараттар өртеліп, премьер-министр Кхадга Прасад Шарма Оли отставкаға кетуге мәжбүр болды.

Бүліктер кезінде вице-премьер әрі қаржы министрі Бишну Прасад Пауделді наразылар соққыға жығып, оқиғаның видеосы әлеуметтік желілерде тарап кетті.