Украина президенті Владимир Зеленский халықаралық әріптестеріне Ресейге қысымды күшейтіп, жаңадан қатаң санкциялар енгізуге үндеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Ол өз үндеуінде соғысты тоқтатуды шын жүректен қалайтын кез келген тарап Ресейдің «әскери машинасын» тоқтатуға қажетті шараларды қабылдауға тиіс екенін атап өтті.
– Біз АҚШ-тан және олардың серіктестерінен нақты әрекеттер күтеміз – қатаң санкциялар мен тарифтік саясат әлемнің көпшілігі үшін айқын дәлел болмақ. Барлығы көріп отыр: Ресейдің Украинаға қарсы соғысы – бұл Путиннің соғысы. Польшаға дрондармен жасалған шабуыл да – Путиннің соғысы. Бұл тек Польшаға емес, бүкіл Еуропаға жасалған ескерту. Бұл өте ұзаққа созылған соғыс – Ресейдің амбициясы, ресурстары мен бюджетінің соғысы. Демек, бұл – Путин қазынасын толтырып отырған ресейлік мұнайдың, газдың, уранның және басқа да ресурстардың соғысы, – деп жазды Зеленский өзінің Telegram-арнасында.
Сондай-ақ, ол Еуропа елдеріне үндеу жасап, сылтау іздеуді доғарып, нақты санкциялар енгізуге шақырды.
– Егер Путин бейбітшілікті қаламаса, оны бейбітшілікке келуге мәжбүрлеу керек. Путиннің соғысы ол оны жалғастыра алмайтын кезде ғана аяқталады, – деді Украина президенті.
Еске салайық, бұған дейін Владимир Зеленский ABC News арнасына берген сұхбатында Ресей президенті Владимир Путинмен жеке кездесуді жоққа шығармайтынын айтқан. Алайда ол келіссөздер Ресей аумағында өтпейтінін қадап айтты.