Астанада блогер Эльмира Төлегеноваға қатысты сот процесі өтіп жатыр. Іс әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта қаралуда. Толегенованың адвокаты Олег Черновтың айтуынша, оған күйеуіне тағылған айыппен бірдей — заңсыз лотерея ұйымдастыруға қатысу дерегі бойынша іс қозғалған. Бұл айып тағылуына азаматтардың шағымдары негіз болған. Әкімшілік хаттама толтырылғаннан кейін e-Otinish порталы арқылы мемлекеттік органдарға сегіз шағым жолданған.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Туризм және спорт министрлігінің Құмар ойын бизнесін реттеу комитеті өкілдері блогер Эльмира Толегенованың жеке парақшасында өткізген ұтыс ойындарының ашықтығына күмән келтірді. Олардың айтуынша, жеңімпаздарды анықтау тәртібі түсініксіз болған.
Қатысушылардың шағымдарында «дөңгелек айналғанда жүлде орнына тек бес мың теңге қайтарылады» деген пікірлер жиі айтылған.
Сот барысында бір шенеунік ұтыс ойынын «лохотрон» деп атап, судьядан ескерту алды.
КОНТЕКСТ
Еске салсақ, 18–21 тамыз күндері Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегенова 11 автокөлік ұтысқа тігілгенін жариялаған. Көпшілік тікелей эфирде жеңімпаздарды анықтайды деп күткен. Алайда оларға ұтысқа қатысу үшін 30 мың теңге төлеп, ақылы курс сатып алу қажеттігі айтылған.
Бұл жағдай әлеуметтік желілерде үлкен сынға ұшырап, азаматтар мемлекеттік органдарға шағымданды. Кейіннен Мәдениет және спорт министрлігі ресми мәлімдеме жасап, заң бойынша ұтыс ойындарын тек лицензиясы бар лотерея ұйымдастырушылары мен агенттері ғана өткізе алатынын еске салды.