Бүгін, 16 қыркүйекте Алматы облыстық сотында «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының бұрынғы басқарма төрағасы Талғат Ермегияевке шартты түрде мерзімінен бұрын босатудан бас тарту туралы шешімге қатысты апелляциялық шағым қарала бастады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Сотта Ермегияевтің мүддесін адвокат Анара Құсайынова қорғайды. Апелляция Алатау қаласының соты шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға өтінішті қанағаттандырмаған соң берілген.
Қорғаушының айтуынша, экс-басшыны босатуға толық заңды негіздер бар. Ермегияев жаза мерзімінің үштен екісінен астамын өтеген, ең жоғары – үшінші дәрежелі оң мінез-құлыққа ие және келтірілген залалды ішінара өтеген.
КОНТЕКСТ
Талғат Ермегияев – Қазақстанның бұрынғы туризм және спорт министрі (2011–2012), сондай-ақ «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының төрағасы (2013–2015). Ол 1969 жылы 7 мамырда Алматыда дүниеге келген. 2015 жылдың маусымында ЭКСПО басшылығынан босатылып, 2016 жылдың маусымында пара алу және аса ірі көлемде мемлекет қаржысын жымқыру айыбымен кінәлі деп танылды.
Сот Ермегияевті 14 жыл қатаң режимдегі жазамен және мүлкін тәркілеумен соттады. Қорғаушылардың айтуынша, үкім күмәнді айғақтарға сүйенген: психикалық ауытқуы бар негізгі куәгер қысыммен және адвокатсыз жауап берген.
Ермегияевтің бұрынғы орынбасары Мұрат Омаров Ulysmedia-ға берген сұқбатында ЭКСПО нысандарын салу кезінде мердігерлерді кім және қалай таңдағанын айтып, қылмыстық істегі экс-бас прокурор Қожамжаровтың рөлі мен бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке мүдделерін де атаған еді.