Қайрат Сатыбалдыға тиесілі болған базар сатылымға қойылды

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Алматыдағы «Байсат» көтерме-сауда орталығы ашық электронды саудаға шығарылды. Бұл туралы Қайтарылған активтерді басқару компаниясы хабарлады, деп жазады Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Аукцион 2025 жылғы 18 қараша күні сағат 10:00-де өтеді. Бастапқы баға – 28 639 882 000 теңге.

- Аукцион ашықтық және әділ бәсекелестік қағидаттарына сәйкес өткізіледі. Қатысуға ниеттілер барлық мәлімет пен шарттармен E-Qazyna ресми порталында таныса алады. Активтерді сату Қайтарылған активтерді басқару компаниясының қызметі аясында жүзеге асырылады. Түсетін қаражат Арнайы мемлекеттік қорға бағытталып, қоғам игілігі үшін әлеуметтік маңызы бар жобаларға жұмсалады, – делінген хабарламада.

КОНТЕКСТ

Еске салайық, 2024 жылдың қаңтарында Алматының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімі күшіне еніп, Қайрат Сатыбалдыға тиесілі «Байсат» базарына қатысты барлық мәміле заңсыз деп танылған болатын.

Тергеу барысында кешеннің заңсыз сатылғаны анықталды. Аумағы 4,2 мың шаршы метрден асатын үш нысан және 1,4 гектар жер телімі «Совместное предприятие КазГерСтрой» ЖШС мен «Astana Financial Group» ЖШС-нің иелігінде болған. Бұл екі компания бір-бірімен байланысты болып, Қайрат Сатыбалдының ұлына тиесілі екені белгілі болды.