Өзбекстан 2030 жылға дейін кедейлікті толығымен жоймақ

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Өзбекстан халықаралық міндеттемелерін мерзімінен бұрын орындап, кедейлікті екі есе қысқартуды және 2030 жылға қарай абсолютті кедейлікті толық жоюды жоспарлап отыр. Бұл туралы Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

2024 жылы елдегі кедейлік деңгейі 8,9%-ға дейін төмендеді. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 6%-ға жеткізу жоспарлануда. Билік жақсы нәтижелердің негізгі факторларының бірі ретінде ел экономикасының екі есеге өсуін атап отыр. Жыл қорытындысы бойынша жан басына шаққандағы ЖІӨ 3500 долларға жетеді деп күтілуде.

АБСОЛЮТТІ КЕДЕЙЛІК ДЕГЕН НЕ

Абсолютті кедейлік – бұл адамның ең төменгі деңгейде өмір сүру мүмкіндігін сипаттайтын жағдай. Яғни, адамның негізгі қажеттіліктерін қанағаттандыруға қаражаты жетпейді: азық-түлік, киім, баспана, гигиена, медициналық көмек, отын-энергия, ауызсу және санитария.

Дүниежүзілік банк абсолютті кедейліктің жаһандық шегін күніне адам басына 2,15 доллар деңгейінде белгілеген (сатып алу қабілеттілігінің паритеті бойынша есептегенде). Егер табыс осы мөлшерден төмен болса, адам қай елде өмір сүрсе де, абсолютті кедей саналады.

Өзбекстанда кедейлік шегін айқындау үшін ең төменгі тұтыну шығындары қолданылады. Ол айына 669 мың сум (күніне шамамен 22 мың сум).