Қызылорда түрмесіндегі аштық: Думан Мұхаммедкәрім өміріне қауіп төніп тұрғанын мәлімдеді

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Оппозициялық саясаткерге сұқбат бергені үшін жеті жылға колонияға сотталған Журналист Думан Мұхаммедкәрім 29 тамыз күні Қызылордадағы №60 мекемеде аштық жариялады. Адвокатының айтуынша, қазір оның денсаулығы күрт нашарлап барады.

Телефон арқылы Ulysmedia.kz тілшісіне қорғаушысы Ғалым Нұрпейісов колонияға барған сапарынан кейін хабарлап, Мұхаммедкәрімнің 12 келіден астам салмақ тастағанын жеткізді. 17 қыркүйектегі мәлімет бойынша оның салмағы – 57,4 келі.

Ол қазір тек су ішеді. Думанның жағдайы тым ауыр, қауіпті, өйткені ол әрең қозғалады, белі қатты ауырады, бауырының жұмысы нашарлап кеткен, – деді Нұрпейісов.

ӨМІРІНЕ ТӨНГЕН ҚАУІП

Аштық жариялауына сотталған журналист өзінің өміріне қауіп төнді деп санаған оқиға себеп болған. Ол адвокатына 6 тамызда тамақ берілетін есіктің тесігі арқылы белгісіз бір зат тасталып, қатты дыбыс шыққанын айтқан. Кейін камерадан шеге секілді металл сынықтары табылған.

Кейін тексеру жүргізіп, «ештеңе болмаған, мүмкін төбеден түскен шығар» деп айтты. Думан бұл жағдайды қорқыту немесе оған қастандық ретінде дәлелдей алмағаннан кейін аштық жариялады. «Егер ол өткір зат бетіме, не көзіме тисе не болар еді?» дейді ол. Ал оған «бұл сенің қиялың» деп жауап берген, – деді адвокат.

Нұрпейісов енді осы оқиғаға қатысты дәлелдер алу үшін ресми сұрау салатынын атап өтті. Бұдан бөлек, Мұхаммедкәрім өзін Алматыға ауыстыруды талап етіп отыр. Оның пікірінше, ол жақта қауіпсіздік деңгейі жоғарырақ болады.

МЕДИЦИНАЛЫҚ КӨМЕК

Денсаулығының күрт нашарлауына және медициналық комиссияның ауруханаға жатқызу туралы ұсынымына қарамастан, колония әкімшілігі «бос палата жоқ» деп мәлімдеген. Нәтижесінде Мұхаммедкәрім алғашқы күннен бері отырған жалғыз камерада ем қабылдап жатыр. Алайда электр энергиясындағы ақауларға байланысты физиопроцедуралар жиі тоқтап қалады.

Оған тамырдан дәрі құйып, витамин салып, массажды да сол карцерде жасап жүр, – деді Нұрпейісов.

Адвокат кәсіби құқықтарының бұзылғанын да айтты: колониядан клиентінің шағымдары мен өтініштерін сыртқа шығаруға рұқсат бермеген. Шығар жерде адвокатты тінтіп, Мұхаммедкәрім берген құжаттарды тартып алған.

Бұл – заңды өрескел бұзу. Менің жазбаларым клиентке тиесілі және адвокаттық құпиямен қорғалған. Бірақ мұндай жағдайлар жиілеп барады, әсіресе саяси тұрғыдан сезімтал істерді қорғайтындарға қатысты, – деді ол.

ҚАЖК Ulysmedia.kz тілшісінің сотталғанның аштық жариялауына қатысты сауалын мүлде түсіндірместен, елемей қойған.

ҚУДАЛАУ ТАРИХЫ

Думан Мұхаммедкәрім 2024 жылдың желтоқсанында Қызылорда колониясына этаппен жеткізілген. Оны бірден жалғыз камераға қамады. Әкімшілік мұны оның басқа сотталғандарға «беделі арқылы теріс ықпал етуі мүмкін» деп түсіндірген. Содан бері ол сол жерде отыр.

Колонияға түскен сәттен бастап қиындықтары басталды: түрме киімін кимегені үшін жеті тәулік қатаң тәртіптегі тәртіптік изоляторға жабылған. Қазір де ол киімді киюден бас тартып, өзінің заңсыз сотталғанын мәлімдеуде. Екінші рет оған ортақ әжетхананы бейнебақылаусыз жуудан бас тартқаны үшін тәртіп бұзу айыбы тағылған. Бірақ өз камерасын тазалаудан бас тартпаған. Бұған дейін құқық қорғаушылар изолятор мерзімі аяқталған соң оған жаңа жаза қолданылып, алты айға дейін қатаң жағдайға ауыстырылуы мүмкін екенін хабарлаған.

СОТ ЖӘНЕ АЙЫПТАУ

2024 жылдың тамызында журналист Думан Мұхаммедкәрім жеті жылға сотталды. Ол кезде жасы 46-да еді. Оған «экстремизмді қаржыландыру» және «тыйым салынған ұйымға қатысу» айыбы тағылды.

Айыптау себебі – оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовпен сұхбаты. Сол кезде Ne Deidi YouTube-арнасының авторы адвокаттардың гонорарын төлеу үшін қаржы аударуға арналған банк шотын жариялаған. Журналист сотта өзін «ДВК-ға қатысым жоқ» деп мәлімдеді.

Өз арнасында ол 2022 жылғы наразылықтарды кеңінен жариялап, ұсталғандарға жасалған азаптауларды әшкерелеп, билікті және әділетсіз сайлауларды сынады. Оның парламентке сайлану талпынысы да сәтсіз аяқталды.

Құқық қорғаушылар Думан Мұхаммедкәрім ісін Қазақстандағы тәуелсіз журналистика мен оппозицияға қарсы ауқымды кампанияның бір бөлігі деп санайды. Халықаралық ұйымдар Amnesty International және Human Rights Watch бұл процесті саяси астарлы деп мойындайды.