БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Иранға қарсы санкцияларды қайта енгізуді қолдады

Сырым Қаржас
Reuters

Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесі 2015 жылғы ядролық келісімнен кейін тоқтатылған Иранға қарсы санкцияларды қайта енгізу туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz BBC-ге сілтеме жасап.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Бұл бастаманы Ұлыбритания, Франция және Германия көтерді. Олар Тегеранды негізгі шарттарды бұзды деп айыптады. Ол шарт бойынша Иран ядролық қаруды жасау мен иемденуден бас тартуға міндеттелген еді. Бұл ұстанымды АҚШ-ты қоса алғанда тағы алты мемлекет қолдады. Қытай, Ресей және Пәкістан қарсы дауыс беріп, шектеулерді тоқтата тұруды жалғастыруды ұсынды.

Санкциялар оған дейін Иран мен еуропалық көшбасшылар келісімге келе алмаса, 26 қыркүйектен бастап күшіне енеді.

ДӘЙЕКСӨЗ

– Базалық шарттар орындалмайынша дипломатиялық шешімнің айқын жолы жоқ. Біз Иранның қажетті қадамдар жасамағанына өкініш білдіреміз және оны дереу әрекет етуге шақырамыз, – деді БҰҰ-дағы Ұлыбритания елшісі Барбара Вудворд Reuters-ке берген пікірінде.

АНЫҚТАМА

Еске салайық, ядролық келісім — Бірлескен жан-жақты іс-қимыл жоспары — Иран мен бес әлемдік держава арасында үш жылға жуық келіссөздерден кейін 2015 жылы жасалды. 2018 жылы АҚШ президенті Дональд Трамптың бастамасымен келісімнен шықты, ал бір жылдан соң Тегеран да осы қадамға барды.