Сатыбалдыға тиесілі болған базардан контрафактілік тауарлар табылды

Сырым Қаржас
Фото: ашық дереккөзден

Қайрат Сатыбалдыға тиесілі болған "Байсат" базарынан контрафактілік тауарлар табылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Байсат көтерме-бөлшек сауда базарының аумағында «Apple» тауар белгісімен ірі контрафактілік өнім партиясын сату дерегі анықталды. Жеке кәсіпкер өңірлерге ұялы телефондардың (қуаттағыш құрылғылар, кабельдер, құлаққаптар, адаптерлер және т.б.) контрафактілік аксессуарларын көтерме бағамен сатқаны анықталды.

Осы факті бойынша «ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодекстінің» 158-бабы бойынша әкімшілік іс қозғалды. Шамамен 2 миллион теңге сомасына 1,5 мың дана өнім тәркіленді.

ТАҒЫ БІР ФАКТ

Осыған ұқсас факт Байсат көтерме-бөлшек сауда базарының жанында орналасқан қойма үй-жайында анықталды. Онда WD-40 (әмбебап мақсаттағы техникалық аэрозоль) тауар белгісімен контрафактілік шығу белгілері бар өнімдері бар көтерме қойма табылды.

Жеке кәсіпкерге қатысты ӘҚБтК-нің 158-бабы бойынша әкімшілік іс қозғалды. Шамамен 3 миллион теңге сомасына 2 мыңнан астам жалған өнім тәркіленді. Қазіргі уақытта барлық материалдар сотқа жіберілді. 

КОНТЕКСТ

Еске салайық, 2024 жылдың қаңтарында Алматының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімі күшіне еніп, Қайрат Сатыбалдыға тиесілі «Байсат» базарына қатысты барлық мәміле заңсыз деп танылған болатын.

Қазіргі уақытта Қайрат Сатыбалдыға тиесілі болған базар сатылымға қойылды