ҰБТ түбегейлі өзгереді – Ғылым және жоғары білім министрі

Динара Жарқынбек
Ulysmedia

Қазақстанда Ұлттық бірыңғай тестілеуді түбегейлі жаңарту жоспары қолға алынды. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек хабарлады.

 

ҰБТ ӘДІСТЕМЕСІН КІМ ӘЗІРЛЕЙДІ?

Министрдің айтуынша, Мемлекет басшысы АҚШ-қа сапары кезінде бүкіл әлем бойынша тест әзірлеу және бағалау саласында тәжірибесі мол Educational Testing Service (ETS) компаниясының атқарушы директоры Амит Севакпен кездесті.

Қазіргі таңда біздің ҰБТ-ның сапасын күрт өзгерту, мазмұнын толыққанды қарастыру жұмысы осы ең ірі, ең беделді тестология орталығымен бірге жүзеге аспақ. Келесі айда үлкен зерттеушілер делегациясы келеді. Яғни бірнеше жылдың ішінде ҰБТ-ның сапасы мен мазмұны айтарлықтай өзгереді, – деді Саясат Нұрбек.

Жаңа үлгі халықаралық стандартқа сай әзірленіп, сұрақтардың сапасы мен ғылыми нақтылығы күшеймек.

Сондай-ақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Смитсонов институтының басшылығымен жолықты. Министр Саясат Нұрбектің сөзінше, "Болашақ" бағдарламасы аясында қазақстандық ғалымдар, тарихшылар, антропологтар мен мәдениеттанушылар Смитсонов институтында арнайы тағылымдамадан өту мүмкіндігіне ие болады. 

ҚОЛДАНЫСТАҒЫ ҰБТ-НЫҢ ЕРЕЖЕЛЕРІ ҚАНДАЙ?

Қазақстанда Ұлттық бірыңғай тестілеудің негізгі ережелері 2017 жылы бекітілген. Кейінгі жылдары бұл талаптарға бірқатар өзгерістер енгізілді. Қазіргі формат бойынша тестілеу 5 пәннен тұрады: үшеуі – міндетті, екеуі – таңдау бойынша бейіндік пәндер. Барлығы 120 сұрақ беріледі. Қазақстан тарихынан – 20, математикалық сауаттылықтан – 10, оқу сауаттылығынан – 10, екі бейіндік пәннен – әрқайсысына 40 сұрақтан беріледі. 

Емтиханға 4 сағат (240 минут) уақыт бөлінеді. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар талапкерлерге қосымша 40 минут беріледі. Электронды және қағаз түрінде де тапсырылады.