Карцерден жеткен хат: «Асылып өлді дегенге сенбеңдер»

Есдәулет Қызырбекұлы

Түрмедегі тәуелсіз журналист, белсенді Думан Мұхаммедкәрімның жақтастары Алматыда араша сұрап, баспасөз мәслихатын өткізді. Бұған дейін журналист адвокатына өміріне қауіп төніп тұрғанын айтқан деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«Асылып өлді немесе тілініп өлді дегенге сенбеңдер»

24 қыркүйекте өткен баспасөз мәслихатында Думан Мұхаммедкәрімнің әкесі Алмас Тілепов ұлының хатын оқыды. Журналист хатын президент әкімшілігі, бас прокуратура, ішкі істер министрлігі, қылмыстық атқару жүйесіне және парламентке жолдаған. Ол онда өзіне қысым жасалып жатқанын, тұрғылықты жеріне, Алматы облысына ауыстыруды талап еткен.

«Мен әрине «өлім жазасына кесілген адам» екенімді түсіндім. Алматыда болсам да ажал қуып жетеді. Дегенмен, үйіме жақын жерде өлуге мұрсат беріңіздер. Билікте отырған маған жанашырлардың назарына, егер мені Алматы маңына ауыстырмай жатып, аяқ асты Қызылорда түрмесінде өліп кетсем, «асылып өлді немесе тілініп өлді» дегендерге сенбеңіздер. Мен әділеттік жолындағы күресімді жалғастыру үшін өмір сүргім келеді», – деген Думан Мұхаммедкәрім хатында.

Журналист хатында 12 келі салмақ тастағанын айтқан.

«Шынымды айтсам менің хат жазбақ түгілі кітап оқуға күйім жоқ. 29 тамыз – тоталитарлық конституция күніне қарсы жариялаған аштығым әлі тоқтаған жоқ. Содан бері 12 келі салмақ тастаппын. Тәуелсіздіктің 34 жылдығына дейін шыдасам, салмағым бәлкім сол 34 келіге дейін барып қалар», – деген ол хатында.

Бұған дейін адвокат Ғалым Нұрпейісов Думан Мұхаммедкәрімнің денсаулығы нашарлағанын айтқан. Ол 17 қыркүйекте түрмеге кіріп, журналистпен кездескен.

«Денсаулық жағдайын көріп шошыдым»

Бүгінгі баспасөз мәслихатында Ғалым Нұрпейісов түрме әкімшілігі Думан Мұхаммедкәрімнің өзіне және саясаткер Рысбек Сәрсенбайұлына арнап жазған хаттарын шығармай, алып қалғанын айтты.

«Мен оның денсаулық жағдайын көріп, шошыдым. 90 келі, энергиясы көп болуы тиіс жас адам қазір 57 келі ғана. 17 қыркүйекте оның салмағы 57 келі болған. Мен өзімнің көргенімді суреттеп берейін. Бетін әжім басқан ер адам кірді. Мойнының терісі 80-90 жастағы қарт адамның тергісі сияқты салбырап кеткен. Өте арық. Бұған стресс, аштық, қысым әсер еткені сөзсіз. Оған қазір толыққанды оңалту мен медициналық көмек қажет», – деді адвокат.

Саясаткер Рысбек Сәрсенбайұлы мен құқық қорғаушы Маржан Аспандиярова адвокат Ғалым Нұрпейісовпен бірге Қызылордаға барған. Ол түрме әкімшілігі Думан Мұхаммедкәріммен сөйлестіруді былай қойып, видеодан көрсетуден де бас тартты дейді. Сөзінше, дүйсенбі күні Мұхаммедкәрім аштығын тоқтатқан. Ол адвокат арқылы Думаннан аштықты тоқтатуды сұрап, сәлемдеме жолдаған.

«Сіздерге бір жақсы жағалық айтайын, Думан дүйсенбі күні аштығын тоқтатып, сол күні аз-аздап тамақ іше бастады. Біз енді соған үміт артамыз. Тамақ ішсе, әл-қуат пайда болса, содан кейін ауруханаға жатқызылып емделсе», – деді ол.

Журналист, белсенді, «саяси тұтқын»

Думан Мұхаммедкәрім 2024 жылы Қызылордадағы N60 колонияға этаппен жеткізілген. Ол сол уақыттан бері жалғыз адамдық камерада отыр. Журналист қарсылық ретінде түрме киімін киюден бас тартқан. Бірнеше рет аштық жариялаған.

Белсенді, журналист, «Ne Deidi?» You Tube арнасының авторы Думан Мұхаммедкәрімге «экстремизмді қаржыландырды» және «тыйым салынған ұйым жұмысына араласты» деген айып тағылған. Қонаев қалалық соты оны кінәлі деп танып, 7 жылға бас бостандығынан айырған. Журналистің соты жабық өткен. Ол істі ашық қарауды талап етіп, бірнеше рет аштық та жариялаған. Іске журналистің шетелде тұратын тіркелмеген «Қазақстанның демократиялық таңдауы» (ҚДТ) қозғалысының жетекшісі, экс-банкир Мұхтар Әблязовтан алған сұхбаты себеп болған. Қазақстан соты ҚДТ қозғалысын «экстремистік ұйым» деп танып, қызметіне тыйым салған. Еуропарламент оны бейбіт, саяси ұйым деп таныған.

Қазақстандық құқық қорғаушылар Думан Мұхаммедкәрімді «саяси тұтқын» деп таныған. Ресми Астана елде «саяси тұтқын» да жоқ, саяси көзқарасына бола қудалауға түскендер де жоқ дейді.

Думан Мұхаммедкәрім саяси ортада Қаңтар оқиғасынан кейін кеңінен таныла бастады. Ол – кемі 238 адамның өмірін қиған қырғын кезінде Алматыдағы дүрбелең ошағынан хабар таратқан санаулы журналистің бірі.

Қаңтар қырғынынан кейін Думан Мұхаммедкәрім YouTube-арнасында Қаңтар құрбандарының туыстарынан сұхбат алып, дүрбелеңнен кейін ұсталып, полицияда азапталған адамдардың көрген зәбірі жайлы жүздеген материал жариялады. Қаңтар оқиғасынан кейін Мұхаммедкәрімнің арнасын жұрт жиі қарайтын болды.