Адвокат Перизат Қайрат пен оның анасын ақтауды сұрады

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Biz Birgemiz Qazaqstan 2030 қорының негізін қалаушы Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаева алаяқтық пен қылмыстық жолмен алынған табысты заңдастыру ісі бойынша соттың бірінші сатыдағы үкіміне апелляциялық шағым түсірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Апелляциялық шағымды Жарас Арыстанбеков, Нұрлан Баяхметов және Гүлнара Дәулешова қарауда. Перизат Қайрат пен оның анасын адвокат Асланбек Давлетьяров қорғап отыр. Ол сот үкімін жоюды талап етті. Оның пікірінше, бұл іс қылмыстық емес, азаматтық-құқықтық тәртіпте қаралуы тиіс. Қорғаушының айтуынша, қорға түскен қаражат қайтарымсыз берілген мүлікке жатады, сондықтан қайырымдылық жасаушылар мен ұйым арасында қылмыстық-құқықтық қатынас бола алмайды. Сонымен қатар, адвокат бұл резонансты істе жәбірленушілер жоқ деп мәлімдеді.

– Яғни меншік иесі үшінші тұлға — қайырымдылық ұйымы болып саналады. Бұл жағдайда ол – Biz Birgemiz Qazaqstan 2030 қоғамдық бірлестігі. Алайда оны жәбірленуші тарап деп тану мүмкін емес, себебі экономикалық соттың шешімімен бірлестік мәжбүрлеп таратылды. Осыған байланысты іс бойынша жәбірленуші жоқ. Екінші тарап – қайырымдылық көмегінің алушысы да жәбірленуші ретінде танылмаған, яғни көмекті ала алмаған адам көрсетілмеген, – деді Давлетьяров.

ЖӘБІРЛЕНУШІЛЕР

Айта кетейік, сот отырысы кезінде бірнеше жәбірленуші — банктердің өкілдері, «Асар Үме» қоры, кәсіпкер Олжас Садық және басқалар сөз сөйледі.

Олардың барлығы бірінші сатыдағы сот үкімін әділ деп атап, сотталғандардың апелляциялық шағымын қанағаттандырмауды талап етті.

СОТ ҮКІМІ

Өткен жылғы тасқын кезінде халықтың көмегіне жиналған қаражатты мақсатсыз пайдаланған Перизат Қайратқа сот 10 жыл, анасына 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасын кескен болатын