Петропавлдық 42 жастағы блогер Ирина Антоненко 25 қыркүйекте, Каспийдегі оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан 14 әскери қызметшіге байланысты жарияланған Жалпыұлттық аза тұту күні, тікелей эфир өткізгеннен кейін 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жайы
Тікелей эфир кезінде Антоненко музыка қосып, би билеген және көрермендердің сынына жауап берген.
Блогер қаза тапқан әскери қызметшілерді жеке танымағанын айтып, болған қайғылы оқиғаға байланысты күнделікті өмір салтын өзгертуді қажет деп санамайтынын жеткізген.
Бұған дейін полиция Антоненкомен профилактикалық әңгіме жүргізіп, оған ресми ескерту жасаған.
Кейін құқық қорғау органдары тиісті материалдарды жинап, істі сотқа жолдаған.
29 қыркүйекте сот әйелді ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, 10 тәулікке әкімшілік қамауға алды.
Бұған дейін де осындай жағдай болған
Осыған дейін Шымкенттің 21 жастағы тұрғыны Нұрахмет Бердібай да 10 тәулікке қамауға алынған еді.
Ол TikTok-тағы тікелей эфир кезінде аза тұту күніне қатысты дөрекі пікір айтып, балағат сөздер қолданған.
Эфирге бірге қатысқан екі танысына ескерту жасалып, олар профилактикалық есепке қойылған.
Еске салайық, 25 қыркүйекте Қазақстанда Каспийде өткен «Хазар Қорғаны-2026» оқу-жаттығуы кезіндегі қайғылы оқиғадан кейін Жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды.
24 қыркүйекте 17 әскери қызметші суға кеткен еді. Оның 14-і қаза тауып, үшеуі аман қалған.