Адвокат Жасұлан Рахымғалиев Астанада 30 жастағы Жазираның өлімінен кейін полицияның бұрынғы төрт қызметкерінің қандай жағдайда ұсталғанын айтып берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жайы
Адвокаттың айтуынша, 29 қыркүйекке қараған түні тергеуші, Сарыарқа ауданының учаскелік инспекторы және Нұра ауданының екі учаскелік инспекторы уақытша ұстау изоляторына қамалған.
Оларға қатысты Қылмыстық кодекстің 371-бабы 2-бөлігі – ауыр зардапқа әкеп соққан салғырттық бойынша іс тергеліп жатыр.
Рахымғалиевтің сөзінше, бұған дейін төрт қызметкер де ішкі істер органдарынан теріс себептермен жұмыстан шығарылған.
Сонымен қатар, тергеу бағытына жауапты Астана полиция департаменті бастығының орынбасары қызметінен алынған.
Кісі өліміне дейін не болған?
Адвокаттың айтуынша, Жазираның бұрынғы күйеуі Талғат Қамиденге қатысты алғашқы қорғау нұсқамасы 2025 жылғы 5 маусымда шығарылған.
18 тамызда екінші қорғау нұсқамасы рәсімделіп, денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру дерегі бойынша тергеу басталған.
Рахымғалиевтің айтуынша, 21 тамызда Сарыарқа ауданы прокуратурасының нұсқауымен зорлау дерегі бойынша іс жеке өндіріске бөлінген.
Адвокаттың сөзінше, 7 және 9 қыркүйекте ер адам бұрынғы әйеліне қайта келіп, пышақпен қорқытқан. Кейін полиция тергеулердің бірін тоқтатқан.
Алайда прокуратура денсаулыққа жеңіл зиян келтіру ісінің саралануымен келіспей, күдіктінің әрекетін азаптау бабына ауыстыруды талап еткен.
Рахымғалиевтің айтуынша, күдікті бостандықта қалып, көп ұзамай Жазира қаза тапқан.
Қызметкерлердің шешімдері тексеріліп жатыр
Қазір ІІМ-нің Өзіндік қауіпсіздік департаменті Жазираның арыз-шағымдары бойынша процестік шешім қабылдаған барлық лауазымды тұлғаны тексеріп жатыр.
Бұған дейін ІІМ қызметтік тексеруден кейін төрт қызметкердің жұмыстан шығарылғанын, бірнеше басшының қызметінен алынғанын, сондай-ақ қылмыстық іс аясында тағы төрт бұрынғы полицейдің ұсталғанын хабарлаған.
Жазира 23 қыркүйекте Астанадағы үйінің жанындағы автотұрақта қаза тапқан.
Қылмысқа күдікті ретінде оның бұрынғы күйеуі көп ұзамай ұсталған.