Украина Президенті Владимир Зеленский Нью-Йоркте өтіп жатқан БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясында сөз сөйледі. Өз сөзінде ол халықаралық институттардың әлсіздігін және Ресейдің Украинаға қарсы агрессиясының жалғасуын атап өтті.
Зеленский халықаралық ұйымдардың қазіргі жағдайын сынға алып, олардың тиімділігінің төмендігін атап өтті. Оның айтуынша, халықаралық құқық жүйесі тек мықты одақтастар мен қару арқылы ғана жұмыс істейді.
-Халықаралық құқық толық жұмыс істемейді, егер сіздің мықты достарыңыз болмаса,– деді ол.
Президент дрондардың соғыста қолданылуын ең қауіпті қару-жарақ жарысы ретінде сипаттады.
-Біз өзімізді қорғау үшін дрондар жасап жатырмыз, – деді ол.
Сонымен қатар, ол Ресейдің Польшаға шабуыл жасаған дрондары мен Эстонияның әуе кеңістігін бұзған соғыс ұшақтары туралы хабарлады.
Украина президенті Ресейдің Молдоваға қарсы ықпалы туралы ескерту жасады. Оның айтуынша, Ресей Молдованы Иранның бұрын Ливанға жасағанын қайталауға тырысуда.
-Біз Еуропада Грузияны бұған дейін жоғалттық,-деді.
Зеленский халықаралық қауымдастыққа Молдованы қаржылық және энергетикалық қолдау көрсету қажеттігін атап өтті. Ол қолдаусыз қалдырылған жағдайда салдары өте ауыр болатынын алға тартты.
Зеленский Ресей Президенті Владимир Путиннің келіссөздерден қашқақтап, тек соғысты жалғастыруды көздейтінін айтты.
-Путин келіссөздерден қорқады және тек уақыт ұтып, қантөгісті жалғастыруды қалайды,– деді ол.
Президент Зеленский Қытайдың Ресейге әсер ету мүмкіндігін атап өтіп, Пекин қаласа, Мәскеуді соғысты тоқтатуға мәжбүрлей алатынын айтты.
-Қытайдың үнсіздігі мен әрекетсіздігі Ресейдің агрессиясын жалғастыруына мүмкіндік береді,– деді Зеленский.
Ассамблея шеңберінде Зеленский АҚШ Президенті Дональд Трамппен кездесті. Кездесу нәтижелері туралы толық ақпарат жарияланбағанымен, Зеленский бұл кездесуді «өте жақсы және конструктивті» деп бағалады.
Зеленскийдің айтуынша, халықаралық қауымдастықтың бірігуі мен күш-жігері Ресейді бейбітшілікке әкеледі.
-Егер біз бірігіп әрекет етсек, Ресейді бейбітшілікке жеткізуге болады,– деп қорытындылады ол.