Өзбекстанда 100-ден аса бала уланып, ауруханадан бір-ақ шықты

Сырым Қаржас
Фото: Өзбекстанның мектепке дейінгі және мектеп білімі министрлігі

Өзбекстанның Ташкент облысының бірнеше ауданында балабақша тәрбиеленушілері жаппай уланды. Қазір ауруханаларда 109 бала жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Мектепке дейінгі және мектеп білімі министрі Эъзозхон Каримова және басқа да басшылар Қуйичирчик, Аққорған, Пскент және Бөке аудандарында болған жағдайды зерттеу үшін өңірге барды.

Қуйичирчик ауданында 12, ал Аққорған ауданында 97 бала дәрігерлердің бақылауында. Олардың жағдайы тұрақты. Ал Пскент пен Бөке аудандарындағы балалар да сақтық шарасы ретінде тексеріліп жатыр.

Балалардың денсаулығының күрт нашарлауына сапасыз сүт өнімдері, нақтырақ айтқанда, 24 қыркүйекте Аққорған ауданындағы бір цехтан жеткізілген айран себеп болуы мүмкін.

Тергеушілер санитарлық нормаларды бұзу бабы бойынша қылмыстық іс қозғады.