Қазақстандық Кәкімбек Мұсаев Ресейге жұмыс істеуге кетіп, кейін соғысқа аттанған. Бірнеше ай бойы хабарсыз кеткен оның денесі елге жеткізілді. Бұл туралы адвокат Мейірман Шекеев Instagram-парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Адвокаттың сөзінше, оған мақұмның бауыры көмек сұрап келген.
– Біз іздестіру шараларының нәтижесінде ол азаматтың Ресей Федерациясы жағынан соғысқа кеткенін анықтадық. Бірнеше айдан кейін ғана сол жігіттің, өкінішке қарай, денесі туысқандарына алып келе алдық, – деді Мейірман Шекеев.
Марқұмның туыстарының айтуынша, Кәкімбек Мұсаев 2024 жылғы қаңтар-ақпанда Ресейге жұмыс істеуге кеткен. Алайда сол жылдың 7 желтоқсанынан кейін онымен байланыс үзілген.
– 6 не 7 желтоқсанда ең соңғы рет сөйлескенде біз видео қоңыраумен сөйлесе алмаймыз, қазір асығып тұрмын, кейін өзім хабарын айтамын деді. Содан кейін телефонына ешкім жауап бермеді. Жауап бермегеннен кейін біз қайта-қайта қоңырау шалдық. WhatsApp желісіне кіріп отырғаннан кейін қаңтар айында Марсель деген жігіт хабарласып, “Ол өліп қалды” деп хабар берді. Біз оған сенбей, дәлел сұрағаннан кейін телефонды өшіріп тастады, – дейді марқұмның туысы.
Кәкімбек Мұсаевтың жақындары қазақстандықтарға Ресейге барып жұмыс істемеуге, нәпақа табу үшін өзге жолдарды іздеуге үндеу жасады.