Қаржыгерлер қауымдастығының сарапшылары теңгенің дүйсенбі күні кезекті антирекорд орнатып, күрт құлдырауына ықпал еткен бірнеше себепті атады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Қаржыгерлер қауымдастығының сарапшылары жаңа шолуында кеше өткен сауда-саттықта доллар бағамы 548,77 теңгеге жеткенін атап өтті. Тәулікте валюта 4,32 теңгеге қымбаттап, бұл одан әрі құлдырауға әкелуі мүмкін айтарлықтай себеп екені айтылды. Сауда көлемі де төмендеп, 286,6 млн доллар болды.
Сарапшылардың пікірінше, ұлттық валютаның мұншалықты әлсіреуінің бірнеше себебі бар.
– Ұлттық валютаның әлсіреуі мұнайдың арзандауы аясында, сондай-ақ ай соңына тән қазақстандық компаниялардың импорттық келісімшарттар бойынша төлем жасау және сыртқы қарызды өтеу міндеттемелерін орындау үшін шетел валютасына сұранысының өсуімен байланысты болды. Айта кету керек, теңгенің шамадан тыс әлсіреуі импорттық тауарлардың құнына теріс әсер етіп, инфляциялық үдерістердің күшеюіне (валюта бағамының әлсіреуінің тұтыну бағаларына ауысу әсері нәтижесінде) әкелуі мүмкін, – делінген сарапшылар есебінде.