Ресейде әлемдегі орыс тіліндегі білімнің жай-күйіне арналған ауқымды зерттеу жүргізілді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Зерттеу нәтижелері халықаралық орыс тілі мен әдебиеті оқытушылары қауымдастығы шығарған кітапта жарияланды. Авторлардың пікірінше, Орталық Азия елдерінде, соның ішінде Қазақстанда «педагог кадрларының қартаюы» байқалады. Яғни, орыс тілін және орыс тілінде өзге пәндерді оқытатын жас мамандар жетіспейді.
Сонымен қатар, зерттеу авторлары бұл аймақта, соның ішінде Қазақстанда да, орыс тілі кабинеттерін ашу қажеттігіне назар аударған. Бірақ Қазақстандағы жағдайға байланысты белгілі бір алаңдаушылық та білдірілген.
- Орталық Азия елдерінде, әсіресе Қазақстанда, орыс тілінің дамуына жалпы жақсы жағдай жасалғанымен, бүгінгі таңда ол ағылшын, түрік, тіпті қытай тілдерімен білім беру жүйесінде қатаң бәсекеге түсіп отыр, – делінген жарияланымда.
Зерттеудің толық мәтіні ашық дереккөздерде қолжетімді.
КОНТЕКСТ
Айта кетейік, Ресейдің шетелде орыс тілін дамытуға арналған бағдарламаларға бөлген шығыстары үш есе өсіп, 2025 жылы 412 млн рубльге (шамамен 2,7 млрд теңге) жеткен. Бұл қаражаттың бір бөлігі Қазақстандағы ықпалды күшейтуге де бағытталған.