Қарағандыда құрылыс компаниясының басшысы 6 жыл 8 айға сотталды

Сырым Қаржас
ulysmedia коллажы

Қарағандыда көптен бері талқыланып келе жатқан үлескерлік дау бойынша сот үкімі шықты. «Сәтті Люкс» құрылыс компаниясының директоры Талғат Тоқтаров аса ірі көлемде қаражат жымқырды деп танылып, 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Ulysmedia.

Толығырақ

Сот үкіміне сәйкес, оның кәмелетке толмаған баласы бар екені ескерілді. Сонымен қатар 56 үлескердің 51-інің арызы қанағаттандырылып, жәбірленушілердің пайдасына 851 миллион теңге өндіру туралы шешім қабылданды. Ал үлескерлер сұраған моральдық өтемақы сот тарапынан қанағаттандырылмады.

Сот анықтағандай, үлескерлерден жиналған қаржы мақсатсыз жұмсалған. Айыпталушының қолында жер телімі де болмаған, яғни үй салуға ешқандай заңды және техникалық негіз болмаған.

Қазыбек би аудандық сотының төрағасы Арғын Құтышевтің айтуынша, айыпталушының тарапынан өзге де заңсыз әрекеттер орын алған.

«Ол жер мәселесін әкімдік арқылы шешу үшін Әлкенов есімді азаматқа 169 миллион теңге көлемінде пара берген. Бұл үлескерлердің қаражатын мақсатсыз пайдалану болып саналады. Ешқандай адал ниет байқалмаған, барлық ақшаны алғаннан кейін ол тек уәде берумен шектелген», — деді судья.

Контекст

Еске салайық, «Сәтті Люкс» компаниясының үлескерлері 2023 жылы Қарағандыдағы «Барыс» тұрғын үй кешенінен баспаналы болуы тиіс еді. Бұл жобаға 56 үлескер өз қаражатын салған. Алайда уәде етілген үйдің іргетасы да қаланбаған.

Тергеу барысында Тоқтаровтың есепшотына жалпы 2,9 миллиард теңге түскені анықталған. Прокурорлар соттан оны 8 жылға дейін бас бостандығынан айыруды сұраған еді.