70 миллион теңге пара алған ҰҚК бұрынғы қызметкері сотталды

Ілияс Бақыт
Әлеуметтік желіден

Шымкент қаласының мамандандырылған қылмыстық істер жөніндегі сотында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы қызметкерлері мен денсаулық сақтау басқармасының басшыларына қатысты жемқорлық және бюджет қаражатын жымқыру ісі бойынша үкім жарияланды. Іс алқабилер сотында қаралды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МАНАТ САРБАСОВ 12 ЖЫЛҒА СОТТАЛДЫ

Істің басты фигуранты – Шымкент қаласы ҰҚК департаментінің бұрынғы бірінші орынбасары Манат Сарбасов пара алу және қылмыстық жолмен келген табысты заңдастыру баптары бойынша кінәлі деп танылды. Ол орташа қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтеу үшін 12 жылға бас бостандығынан айырылды.

Сонымен қатар, Сарбасов ҰҚК подполковнигі шенінен айырылып, екі бөлмелі пәтері мен Toyota Land Cruiser көлігі тәркіленді. Ол 70 миллион теңге көлеміндегі пара сомасын мемлекетке қайтаруға міндеттелді.

САРБАСОВТЫҢ ПАРА АЛУ ЖОЛЫ МЕН ЖЫМҚЫРУ СХЕМАСЫ

Тергеу деректеріне сәйкес, 2019–2020 жылдары Сарбасов кәсіпкер Эльмира Дүйсенқызынан колледжге қамқорлық көрсету үшін 45 миллион теңге, ал жеке мектепке қолдау көрсету үшін тағы 70 миллион теңге алған. Айыптау нұсқасы бойынша, бұл қаражатты ол екі пәтер мен жол талғамайтын көлік сатып алу арқылы "жудырған". Пәтерлердің бірін жөндеуден кейін үш есе қымбатқа сатқан.

СОТ АЛДЫНДА ТАҒЫ ТӨРТ АДАМ ЖАУАП БЕРДІ

Сарбасовпен бірге сотқа тағы төрт адам тартылды: Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы Темірхан Варзилов, оның орынбасары Шыңғыс Жаңабаев, кәсіпкер Ерлан Тышқанбаев және ҰҚК майоры Айдос Срайылов.

МЕДИЦИНАЛЫҚ ЖАБДЫҚ ПЕН МАСКАЛАРДЫҢ АЙНАЛАСЫНДАҒЫ ЖЫМҚЫРУ

Прокуратура нұсқасы бойынша, Варзилов, Жанабаев және Тышқанбаев медициналық жабдықтарды жеткізу және маскаларды қымбат бағамен сатып алу кезінде бюджет қаражатын жымқыруға қатысқан. Мемлекетке келтірілген жалпы шығын 130 миллион теңгеден асады.

СОТ ЖАЗАНЫ ЖЕҢІЛДЕТТІ

Прокурор Варзилов пен Жанабаевқа 8 жыл, ал Тышқанбаевқа 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұрағанымен, сот жеңіл үкім шығарды:

  • Темірхан Варзилов – 4 жылға бостандығын шектеу
  • Шыңғыс Жаңабаев – 7 жылға бас бостандығынан айыру
  • Ерлан Тышқанбаев – 5 жылға бостандығын шектеу, сот залынан босатылды

АЙДОС СРАЙЫЛОВ РАҚЫМШЫЛЫҚ АРҚЫЛЫ ЖАЗАДАН БОСАТЫЛДЫ

ҰҚК майоры Айдос Срайылов ҚР ҚК 304-бабы (заңсыз кәсіпкерлік) бойынша кінәлі деп танылып, 1 жылға бостандығын шектеу жазасына кесілді. Алайда қолданыстағы рақымшылыққа байланысты ол жазасын өтемейді.