Ресейдің қаржылық мониторинг қызметі 7 қазан күні «Дождь» телеканалының бас редакторы Тихон Дзядконы, ақпараттық қызмет жетекшісі Екатерина Котрикадзені және жүргізуші Валерия Ратникованы «террористер мен экстремистер тізіміне» енгізді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ЕСЕПШОТТАР БЛОКТАЛАДЫ, АЙЛЫҚ ШЫҒЫН 10 МЫҢ РУБЛЬМЕН ШЕКТЕЛЕДІ
Аталған тізімге енгізілу ресейлік банктердегі есепшоттардың толық бұғатталуына және ай сайынғы шығындардың 10 мың рубльмен шектелуіне әкеледі. «Интерфакс» агенттігінің мәліметінше, журналистердің аты-жөні жанына «жұлдызша» қойылмаған. Бұл — оларға қатысты «терроризм» бабы бойынша ресми қылмыстық іс қозғалмағанын білдіреді.
Осы оқиға алдында Мәскеу соты Тихон Дзядконы сырттай екі ай мерзімге қамауға алу туралы шешім шығарды. Тергеу оны «шетел агенті міндеттерінен жалтару» және «РФ Қарулы күштері туралы жалған ақпарат тарату» баптары бойынша айыптап отыр. Дзядко іздеу жарияланған тұлғалар қатарына енді.
«ДОЖДЬ» ЖУРНАЛИСТЕРІНЕ ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС ҚОЗҒАЛДЫ
Биыл шілдеде Ресейдің Тергеу комитеті Екатерина Котрикадзе, Валерия Ратникова және Тихон Дзядкоға қатысты қылмыстық іс қозғаған болатын.Оларға «орыс армиясы туралы фейктер тарату» және «шетел агенті мәртебесі бойынша міндеттерді орындамау» айыбы тағылды. Бұл істердің барлығы бір мессенджерде жарияланған жазбаларға байланысты қозғалған.
РЕСЕЙ «ШЕТЕЛ АГЕНТТЕРІНЕ» ҚАТЫСТЫ ЖАЗАНЫ ҚАТАЙТТЫ
24 маусымда Ресей президенті Владимир Путин «шетел агенттеріне» қатысты жаңа заңға қол қойды. Ол заң бойынша бұл санаттағы тұлғаларға әкімшілік айыппұл көлемі едәуір артты:
жеке тұлғаларға – 30–50 мың рубль,
лауазымды тұлғаларға – 100–300 мың рубль,
заңды тұлғаларға – 300–500 мың рубль.
Мемдуманың қауіпсіздік комитеті төрағасы Василий Пискарев бұл шаралар «Әділет министрлігінің талаптарын елемейтіндерге» бағытталғанын айтты. Айыппұл тек «шетел агенті» белгісінің болмауына емес, оның ресми форматқа сәйкес келмеуіне де салынады.