Жаңа құрылыс кодексі жобасында депутаттар құрылыс нысандарына берілетін ең төменгі кепілдік мерзімді 2 жылдан 5 жылға дейін ұзарту туралы норманы мақұлдады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Бұл шара құрылыс материалдарының сапасын арттыруға, жобалау жұмыстарының деңгейін көтеруге, тапсырыс беруші мен мердігердің жауапкершілігін күшейтуге және жалпы салынып жатқан нысандардың пайдалану сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар депутаттар ғимараттың конструкциясы, шатыры мен фасадына 10 жылдық жеке кепілдік мерзімін белгілеуді ұсынды. Бұл ұсыныс құжаттың екінші оқылымында қаралады.
КОНТЕКСТ
Бұған дейін мәжіліс депутаттары құрылыс кодексі жобасын және оған ілеспе түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдаған болатын. Құжатты индустрия және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев ұсынды.
ҚҰРЫЛЫС КОДЕКСІ
Еске салайық, құрылыс кодексі жобасы былтырдан бері қызу талқыланып келеді. Кей отырыстарда пікірталас жоғары дауыспен өтті. Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек құжатты «мектеп оқушысының рефератына ұқсайды» деп сынаған еді. Ол заң жобасында құрылыс компанияларының мүддесін көздейтін лоббистік элементтер бар екенін атап өткен болатын.