Діни фанатизмнің салдары: ата-ана балаларын мектепке бермеген

Динара Жарқынбек
Ulysmedia

Абай облысында деструктивті діни көзқарасты ұстанған отбасы үш баласын мектепке жібермей келген. 8 бен 13 жас аралығындағы балалар жылдар бойы білім жүйесінен тыс қалған. Бұл дерек Семей қаласының прокуратурасы жүргізген «Отбасының цифрлық картасы» жобасы аясында анықталды.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Прокуратураның мәліметінше, балалар ата-анасының діни ұстанымына байланысты мектепке бару мүмкіндігінен айырылған. Қадағалау органының араласуынан кейін балалардың білім деңгейі тексеріліп, олар мектепке қабылданды. Ал олардың анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ, бұл жағдайға бейжай қараған бірқатар лауазымды тұлғаға тәртіптік жаза қолданылған.

Бұған қоса, прокуратура психикалық дамуы кешеуілдеген 9 жасар баланың да құқықтарының бұзылғанын анықтады. Балада мүгедектік ресми тіркелмегендіктен, ол не жалпы, не арнайы білім ала алмаған. Қадағалау органының араласуынан кейін бала психикалық денсаулық орталығына жіберіліп, тиісті тексеруден өтуде. Оның заңды өкілі де әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

КОНТЕКСТ

Еске салсақ, 2023 жылы Қазақстанда жасы толып, бірақ мектепке бармаған 105 бала анықталған. Кейін Атырау облысында 150-ден аса оқушы қыз мектеп формасына қойылған талаптар мен хиджабқа қатысты дауға байланысты сабаққа қатыспай қалған. Алайда сол уақытта Оқу-ағарту министрі болған Ғани Бейсембаев мәселе ата-анамен түсіндіру жұмыстарынан кейін шешілді.