75 адамның ақшасы қайтарылды - «Реал Мадридтің» жыры бітпей жатыр

Ілияс Бақыт
Әлеуметтік желіден

«Қайрат» – «Реал Мадрид» матчы алдында стадион маңындағы адамдардың көп шоғырлануына байланысты 207 билет иесі ойынға кіре алмаған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

Бұл туралы Алматы қаласы Спорт басқармасының басшысы Дархан Нұрханұлы Ticketon сервисіне сілтеме жасап мәлімдеді.

75 сатып алушыға қаражат қайтарылды, қалғандары ақшаны қайтару үшін операторға өтініш беруі қажет.

«Делдалдардан сатып алынған билеттерге Ticketon ақшаны қайтармайды», – деп нақтылады Нұрханұлы РСК-дегі брифингте.

Аталған жағдай бойынша басқарма полиция департаментімен бірлесіп тексеру жүргізіп жатыр. Қазіргі уақытта тергеу шаралары жүріп жатыр.

БҰҒАН ДЕЙІН

Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Ростислав Коняшкин Алматыдағы тарихи футбол матчының телетрансляциясы неге үзілгені жөнінде сұраққа жауап берген.

Проблема көп қолданушының бір мезгілде сайтқа кіруінен болды. Телеарналар серверлері үлкен жүктемеге шыдамады. Мәселе интернетте емес, телеканалдардың серверлеріне түскен үлкен салмақта. Толығырақ білу үшін осы арнаны қадағалайтын Мәдениет және ақпарат министрлігіне ресми сауал жолдауға болады, – деді ол.

Алматыда өткен «Қайрат – Реал Мадрид» матчы кезінде трансляция сапасына байланысты жанкүйерлер көп шағым айтты. Мәжіліс депутаттары да бұл мәселені біршама көтерді.

Бұл туралы пікір екіге бөлінді. Бірі интернет-провайдерлерді кінәласа, енді бірі дайындықсыз шыққан мемлекеттік арналардың әлсіз инфрақұрылымын атап өтті.