Несиеден құтылудың амалы қайсы - мамандар жолын айтты

Ілияс Бақыт
Ulysmedia коллажы

«Қарызсыз қоғам» жобасының жетекшісі Дулат Мыңбаев дерегінше Қазақстанда несие жүктемесін өтей алмай жүрген азаматтар саны бір жарым миллионнан асқан, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мамандардың дерегінше, тек Астананың өзінде қарызын 90 күннен бері төлемеген тұрғындар саны 116 мыңға жуықтаған. Биыл сол борышкерлердің шамамен үштен бірі арнайы оқыту курстарына қатысып, қаржылық сауаттылық негіздерін меңгермек.

ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТТЫЛЫҚ – ҚАРЫЗДАН ҚҰТЫЛУДЫҢ БАСТЫ ШАРТЫ

Жоба аясында қаржыгерлер мен заңгерлер халыққа қарызды басқару жолдарын, банкроттық рәсімдеу тәртібін және несиелік тәуекелдерден сақтану тәсілдерін түсіндіреді.

Бағдарлама іске қосылғаннан бері 16 мыңнан астам адам дәріс тыңдап үлгерген. Олардың басым бөлігі жеке банкроттықты рәсімдеу жөнінде нақты кеңес алған.

10 МЫҢ АДАМ СОТСЫЗ БАНКРОТТЫҚҚА ӨТІНІШ БЕРГЕН

Жобаның нәтижесінде 10 мыңға жуық азамат өз мәселесін сотқа жеткізбей банкроттық рәсімін бастаған. Ал 500-ден астам адамның ісі қазір сот арқылы қаралуда.

Мамандардың айтуынша, халықтың қаржылық сауатын арттыру – несиелік дағдарысты азайтудың ең тиімді жолы.