Пәкістан мен Ауғанстанның шекарасында қақтығыс өршіді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz The Guardian басылымына сілтеме жасап.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Қауіпсіздік қызметтеріндегі дереккөздердің хабарлауынша, ұрыс Пәкістанның Кабулға әуе соққысын жасағаннан кейін басталған. Бұған жауап ретінде «Талибан» қозғалысының содырлары Пәкістанның бірнеше шекара бекетіне шабуыл жасаған. Олар Исламабадты шекараны бұзды және ауған аумағын атқылады деп айыптап отыр.
Қозғалыс өкілдерінің айтуынша, олар Ауғанстанның оңтүстігіндегі Гильменд провинциясында Пәкістанның екі шекаралық бекетін басып алған. Бұл ақпаратты жергілікті билік те растады.
Пәкістан қауіпсіздік күштері қақтығыстың болғанын растап, шабуылдарға «қатаң жауап берілгенін» мәлімдеді.
– Бүгін кешке тәліптер бірнеше шекаралық пунктке оқ атты. Біз шекараның төрт учаскесінде артиллериямен жауап бердік. Пәкістан ауған тәліптерінің агрессиясына төзбейді, – деді Пәкістан үкіметінің өкілі.
Еске салайық, бұған дейін Кабулда екі жарылыс, тағы бір жарылыс Ауғанстанның оңтүстік-шығысында болған. Елдің «Талибан» бақылауындағы Қорғаныс министрлігі Пәкістанды «егемендікті бұзды» деп айыптады.
Сарапшылардың пікірінше, кейінгі күндері болған бұл оқиғалар шекарадағы жағдайдың едәуір шиеленіскенін көрсетіп отыр.