Парламент мәжілісіндегі үкімет сағатында депутат Ринат Зайытов Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке Қызылордадағы түзету мекемесінде отырған журналист Думан Мұхамедкәрімнің денсаулығына байланысты сұрақ қойды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Депутат Ринат Зайытов Ішкі істер министрінің баяндамасынан кейін сөз алып, түзету мекемелеріндегі жағдайды тілге тиек етті. Ол Қызылорда қаласындағы №60 түзету мекемесінде жазасын өтеп жатқан Мұхамедкәрім Думан Алмасұлының денсаулығына алаңдаушылық білдірді.
- Ержан Сапарбеков, түзету мекемесінің мақсаты — сотталғандарды тәрбиелеу. Мен көп нәрсесіне тоқталмай-ақ қояйын, бірақ Қызылорда қаласындағы нөмір алпысыншы түзету мекемесінде Мұхамедкәрім Думан Алмасұлы деген сотталушы бар. Оның не үшін, қалай сотталғанын бәріңіз білесіздер. Менің сізге өтінішім — оның денсаулығын жабдықталған ауруханада тексертіп алу үшін не істеуіміз керек?,— деді депутат.
МИНИСТР НЕ ДЕЙДІ
Ішкі істер министрі Ержан Сәденов өз жауабында қазіргі таңда түзету мекемелеріндегі медициналық қызмет ІІМ құрамына кірмейтінін атап өтті. Дегенмен, мән-жайды анықтап, біліп беретінін айтты.
- Бұрын сотталғандардың денсаулығын біз қарайтынбыз. Қазір медициналық қызметкерлер бізге бағынбайды, олар өз ведомствосына қарайды. Егер сотталған адамның денсаулығына байланысты қауіп болса, оны ауруханаға жатқызу туралы өтінішті дәрігерлер береді. Сіздің сұрағыңызды түсіндім, қазір қандай екенін қарап көрейік, сізге жауап береміз, — деді министр
КОНТЕКСТ
Министрдің айтуынша, қазіргі кезде түзету мекемелеріндегі денсаулық сақтау қызметі Ішкі істер министрлігінің қарамағында емес. Егер сотталған азаматтың жағдайы нашарласа немесе шұғыл операция қажет болса, шешімді медицина қызметкерлері қабылдайды.