Жамбыл облысында жергілікті тұрғын мектепке мұғалім болып жұмысқа орналасқысы келген, алайда бұл әрекеті сәтсіз аяқталған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МЕКТЕПТЕ ТҰЗ СЕПКЕНІ ҮШІН 27 МЫҢ ТЕҢГЕ АЙЫППҰЛ
Жағдайды түзету мақсатында ол ерекше жоралғы жасаған — мектеп директорының кабинеті алдындағы дәліз бен еденге тұз сепкен. Нәтижесінде әйелге қатысты әкімшілік хаттама толтырылды.
СОТ НЕ ШЕШІМ ШЫҒАРДЫ
Жуалы аудандық сотының баспасөз қызметі хабарлағандай, бұл іс Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-2-бабының 1-бөлігі — «Жалпы пайдаланылатын орындарды ластау» бойынша қаралған.
Сот отырысында әйел жасаған әрекетіне өкініш білдіріп, кінәсін толық мойындаған және соттан қатаң жазаламауды сұраған. Осыған байланысты сот айыппұл мөлшерін 30 пайызға қысқартты.
Осылайша, бастапқы 39 320 теңгенің орнына әйелге 27 мың теңге айыппұл салынды. Сот қаулысы әзірге заңды күшіне енген жоқ.
БҰҒАН ДЕЙІН
Қазақстандағы жекеменшік мектеп иелері базынасын айтуға Астанаға арнайы келген еді.
Қазақстандағы жекеменшік мектептер тығырыққа тірелді. Мемлекеттен тиесілі қаржыны ала алмай отырған мектеп құрылтайшылары банктерге берешекке батып, ұстаздар бірнеше айдан бері жалақысыз жүр. Бұл мәселе бүгінде тек кәсіпкерлердің ғана емес, мыңдаған оқушының тағдырына әсер етіп отыр.