Қарағандыда қоғамда үлкен резонанс тудырған Алика Мұхамадиева ісі бойынша сот процесі басталды. Тыңдалым ашық форматта өтуде, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Айыпталушы мен оның қорғаушысы журналистерден Мұхамадиеваның жүзін фото және бейнекамераға түсірмеуді сұрап, өтініш білдірді. Судья бұл өтінішті қанағаттандырды.
Процестің басында мемлекеттік айыптаушы Фарида Сәдуова сотты жабық түрде өткізуді ұсынған. Бұл бастаманы айыпталушы мен қорғаушы қолдағанымен, судья Арғын Құтышев өтінішті қанағаттандырмай, соттың ашық түрде өтетінін хабарлады.
Сот материалдарына сәйкес, Алика Мұхамадиева — жүк жеткізу қызметі мен киім дүкенінің иесі. Биыл жазда ол Threads әлеуметтік желісінде жазған даулы пікірлерінен кейін қоғамның қатты сынына ұшыраған.
Сотта Мұхамадиева өз кінәсін толық мойындап, әрекетіне өкінетінін айтты. Ол көзіне жас алып, жазбаларының салдарын енді түсінгенін жеткізді.
ҚОРҒАУШЫ НЕ ДЕЙДІ?
Қорғаушы Тимур Солодуха істі қысқартылған тәртіпте қарауды сұрады. Оның айтуынша, істе жазаны жеңілдететін мән-жайлар бар, ал ауырлататын жағдайлар жоқ.
- Бұл жағдайда ең көбі жазаның екіден үш бөлігі ғана қолданылады. Бұл шамамен 4,5 жыл немесе 12 миллион теңге көлеміндегі айыппұл. Айыпталушы айыппұл төлеуге келісім берді. Ең бастысы — бас бостандығынан айырылмау. Ол өз әрекетіне шын өкінеді. Жазбалары қоғамда үлкен резонанс тудырып, мұсылмандардың діни сезімін және қазақ халқының намысын қорлағанын түсінді, — деді қорғаушы.
Еске салайық, жаз айларында Мұхамадиеваның Threads әлеуметтік желісіндегі жазбалары қоғамда үлкен дау тудырған еді. Пайдаланушылардың шағымынан кейін полиция тексеріс бастап, 2025 жылдың шілдесінде Мұхамадиева қамауға алынған.
Бастапқыда ол кінәсін жартылай мойындап, жазбалары контекстен үзіп алынғанын айтқан. Кейін көпшілік алдында кешірім сұрап, ешкімнің намысына тию ниеті болмағанын мәлімдеген.
Қазан айында іс сотқа жолданып, тыңдалым басталды. Келесі сот отырысы 18 қазан күні өтеді.