Алматыда үйі сүрілетін тұрғындар орнына мектеп салынатынына сенбейді

Сырым Қаржас
Видео кадры: КТК

Алматының Түрксіб ауданындағы тұрғындар үйлерінің сүрілетіні туралы ескерту қағаздарын алған. Құжаттарға сәйкес, бұл аумақта №20 мектепке арналған жаңа ғимарат салу жоспарланған. Алайда алматылықтар бұл жердің шынымен мектеп құрылысына пайдаланылатынына сенбейді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Көпшілік үшін бұл жаңалық төбеден жай түскендей болған. Тұрғын Светлана Гребенникованың айтуынша, оның отбасы бұл жерде көптеген жылдан бері тұрып келеді. Биыл жазда ол 8 миллион теңге несие алып, үйін күрделі жөндеуге кіріскен.

— Бірінші қабат ескі болғандықтан, оны бұзып, жаңасын сала бастадық. Қарызға кіріп кеттік. Енді маған: «Жерді тартып алады, өтемақы төлейді» дейді. Сол ақша банкіге кетеді де, мен далада қаламын. Анам төсек тартып жатқан, екінші топ мүгедегі, — дейді ол.

Хабарламада тұрғын үйлердің бағасын тәуелсіз компания анықтайтыны, содан кейін әкімдік өтемақы төлейтіні жазылған. Егер үй иелерін сома қанағаттандырмаса, төлем мөлшерін сот шешеді. Дегенмен тұрғындар бұл аумақтың шынында мектеп үшін емес, кейін коммерциялық құрылысқа берілетініне күмән келтіреді.

МЕКТЕП

№20 мектептің шын мәнінде оқушы саны шамадан тыс көп. Білім басқармасының мәліметінше, онда қазір 1100-ден астам бала оқиды — бұл нормаға қарағанда 500-ге жуық балаға артық. Сабақ екі ауысыммен өтеді.

— Мәселені шешу үшін 41 жер телімін мәжбүрлеп алып қою рәсімі заң тәртібімен басталды. Жаңа корпус 1500 орынға есептелген. Барлық іс-шаралар мүлік иелеріне өтемақы төлеумен жүзеге асырылады, — деп хабарлады Алматы қаласының жер қатынастары басқармасы.

Тұрғындар үйлерді сүрмей, бар мектеп ғимаратына қосымша қабаттар салуды ұсынды. Ал жаңа корпус құрылысы қашан басталатыны әзірге белгісіз. Бұл мәселе жер мәселесінің қаншалықты тез шешілетініне байланысты. Ал тұрғындар өз үйлерін күрессіз бермейтінін айтады, деп жазады КТК.