Сот қамаудағы белсенді Айдар Сыздықовтың өтінішін орындамады

Ulysmedia
Фото: Azattyq.org

14 қазанда сот белсенді Айдар Сыздықовтың түрме жазасын бас бостандығын шектеу жазасына алмастыру туралы өтінішін орындамады. Бұл жөнінде белсендінің әйелі Айгүл Тоқпаева мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.

Мән-жай

Айгүл Тоқпаеваның сөзінше, сот белсендінің «түзелмегенін», «теріс іс-әрекеттері барын» алға тартқан.

Айдар Сыздықовтың жаза мерзімінің үштен бірі (1 жыл 2 ай 17 күн) биыл тамызда рақымшылық заңымен қысқартылған. Сол уақытта оның түрмеден шығуына 2 жыл 5 ай мерзім қалғаны айтылған. 

Жақындары белсендіге түрмеде қысым жасалатынын және оны ол жақтан шығармас үшін арандатуға тырысатынын жиі айтып келеді. Ал жергілікті прокуратура мұны жоққа шығарған. 

Белсенді Айдар Сыздықовқа «Есірткі сақтады» деген айып тағылған. Былтыр күзде сот оны кінәлі деп танып, бес жылға соттаған. Оның ісін сараптаған құқық қорғаушылар Сыздықовты «саяси тұтқындар» қатарына қосқан. Ресми Астана елде саяси қудалау барын мойындамайды.